Accessibility links

Шымкентте қаңтардағы оқиға кезінде Түркістан облысынан келген кемінде 9 адам қайтыс болған


Полиция "митинг орнында" адамдарды ұстап жатыр. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.
Полиция "митинг орнында" адамдарды ұстап жатыр. Шымкент, 4 қаңтар 2022 жыл.

11 қаңтарда Түркістан облысындағы 4 аудан әкімдігі Шымкентте қаңтардағы оқиға кезінде қайтыс болған 9 адамның жерленгенін растады.

Ресми мәліметке қарағанда, 5-6 қаңтар күндері Шымкент қаласында өткен оқиғалар кезінде Сарыағаш ауданынан - 4 адам, Қазығұрт ауданынан - 2, Жетісай ауданынан - 2, Мақтаарал ауданынан 1 адам қайтыс болған. Олардың денесі Шымкент қаласындағы мәйітханалардан алынып, өз ауылдарына жерленген. Марқұмдардың барлығы – бейбіт тұрғындар.

Азаттық тілшісіне Бәйдібек, Созақ, Отырар, Ордабасы, Төле би, Сайрам, Шардара ауданы мен Арыс қаласы әкімдігі Шымкенттегі наразылықтар кезінде ауданнан ешкім қайтыс болмағанын айтты.

Сарыағаш ауданында 10 қаңтар күні Алматыдағы шабуыл кезінде қайтыс болған Шекара қызметі академиясының 2 курс курсанты Дәулет Жұпарбеков жерленді.

2 қаңтарда Жаңаөзеннен басталып, ізінше Қазақстанның өзге өңірлеріне тараған наразылықтар мен "тәртіпсіздіктерден кейін" билік елде он мыңға жуық адам ұсталғанын хабарлаған. Бірақ әлі күнге дейін қанша адамның қаза болғаны белгісіз. Бастапқыда билік 164 адам опат болғанын айтқанмен кейінірек мәліметті жоққа шығарды.

Шымкент қаласында наразылық 4 қаңтарда басталып, 5 қаңтар күні қала әкімдігі алдында жалғасқан. Қалалық полиция департаменті 177 адамның әкімшілік жазаға тартылғанын, 57 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Әкімшілік және қылмыстық іске тартылғандардың ішінде белсенділер де бар. 10 қаңтарда қалалық денсаулық сақтау басқармасы наразылықтар кезінде 120-дан аса адамның түрлі жарақатпен ауруханаға түскенін, олардың бесеуінің жағдайы ауыр екенін айтқан.

Шымкент қаласындағы мәйітхана қызметкерлері мен қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Бақытжан Пазылов наразылық кезінде қайтыс болған адамдар бар екенін растады. Бірақ қанша адам екенін нақтыламады. Полиция департамент әлі ақпарат бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG