Accessibility links

"Нұр Отан" партиясының саяси кеңес бюросының құрамы жаңарды


"Нұр Отан" саяси партиясының бас кеңсесі. Нұр-Сұлтан, 30 желтоқсан 2020 жыл.
"Нұр Отан" саяси партиясының бас кеңсесі. Нұр-Сұлтан, 30 желтоқсан 2020 жыл.

31 қаңтарда "Нұр Отан" партиясының саяси кеңес бюросының құрамы жаңартылды. Партияның ресми сайтында бюроға енген азаматтардың аты-жөні жарияланды.

Оған президент Қасым-Жомарт Тоқаев, сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, президент әкімшілігі жетекшісі Ерлан Қошанов, мәжіліс депутаты Ерлан Саиров, "Егемен Қазақстан" Республикалық газеті" АҚ басқармасының төрағасы Дархан Қыдырәлі, Маңғыстау облысының мәслихат депутаты Аббас Өрісбаев, сенат депутаты Ләззат Қалтаева, "Зенченко и К" компаниясының директоры Геннадий Зенченко, "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Элина Паулин енген.

Бұл жолы саяси кеңес бюросының құрамы шамамен 80 пайызға жаңарған. Бұған дейін оған партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, премьер-министр Асқар Мамин, мәжіліс депутаты, экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Есекешов, Есеп комитетінің басшысы Наталья Годунова, бұрынғы мемлекеттік хатшы, қазір Қазақстанның Чехиядағы елшісі Марат Тәжин, "Қазақстан Ұлттық банкі" директорлар кеңесінің төрағасы Александр Павлов, "Егемен Қазақстан" Республикалық газеті" АҚ басқармасының төрағасы Дархан Қыдырәлі, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек енген.

Қаңтар оқиғасынан кейін өткен партия съезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы қызметіне кірісіп, партия жұмысын өзгерту қажеттігін айтқан. Ол мемлекет басшысы ретінде биліктің барлық тармағының іс-әрекеті мен жауапкершілігін қамтамасыз ету конституциялық міндеті екенін айтып, ашық әрі әділ саяси бәсекелестік болатындығына кепілдік беретінін мәлімдеген. Бірақ кейбір сарапшылар оның мәлімдемесіне сынмен қарайды.

28 қаңтарда партияның саяси кеңесінің құрамы едәуір өзгерді. Оған алғаш рет министрлер мен әкімдер енбеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG