Accessibility links

Тоқаев "Нұр Отан" партиясының төрағасы болып сайланды, ол экс-президенттің "тарихи рөлі" туралы да айтты


"Нұр Отан" съезі.
"Нұр Отан" съезі.

28 қаңтарда "Нұр Отан" партиясының съезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы болып сайланды. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.

Ақорданың жазуынша, Тоқаевты партия төрағасы етіп сайлау туралы ұсынысты бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев енгізген. Оны партия мүшелері "бір ауыздан қолдаған".

Тоқаев өзіне осындай "жауапты міндет" жүктегеніне алғыс айтып, қаңтар оқиғасына тоқталды. "Өкінішке қарай, бейбіт митингілерді радикалды күштер өз мақсатына пайдаланып кетті. Лаңкестер мемлекетімізге шабуыл жасап, ел тыныштығын бұзды. Олар билікті басып алуға тырысты" деп мәлімдеді. Ол тергеу амалдары "заң аясында жүргізіледі" деп мәлімдеп, "адам құқығын міндетті түрде сақтайтынын" айтты.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда Назарбаев пен Тоқаев арасында билікке таластың күшейгені, Назарбаев ықпалының әлсірегені туралы болжамдар тараған. Соны меңзеген Тоқаев "қазір ел ішінде түрлі жағымсыз әңгімелер тарап жатқанын білемін. Осыған байланысты мемлекет басшысы ретінде тағы да қайталап айтамын: Тұңғыш президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді" деді.

"Бірінші президенттің тарихи рөліне тиісінше баға берейік, оның сөзсіз жетістіктері мен табыстарын алға шығарып, жаңылысқан жерлері болса, болашақ басшылардың үлесіне қалдырайық" деді.

Тоқаев жиын кезінде "Нұр Отан" партиясына "түбегейлі өзгеріс қажет екенін" алға тартып, басымдық беретін бірнеше жайтты атап өтті. Арасында партия құрамына шынайы белсенділерді тарту, сайлау алды уәделерді орындауға күш салу, депутаттар белсенділігін арттыру бар. Кейбір белсенділер президенттің "әдемі сөздеріне сеніп қалмауға" шақырып, елде терең саяси реформа жүргізілмейінше жағдай өзгермейтінін айтты.

Жиын онлайн өтіп жатыр.

Бұған дейін партия жиынында "төраға сайлау" және "партия жарғысын өзгерту" мәселелеріне қоса "саяси кеңес құрамын өзгерту" мәселесі де қаралатыны хабарланған.

Шарадан тікелей эфирде хабар таратылмады. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Twitter'де мәтін түрінде трансляция болатынын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG