Accessibility links

Алматыда қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы 8 адам қамаудан босатылды


Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған азаматтарды тергеу изоляторының алдынан туыстары күтіп алды. Олардың бұлтартпас шарасы өзгерген. Алматы, 1 ақпан 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған азаматтарды тергеу изоляторының алдынан туыстары күтіп алды. Олардың бұлтартпас шарасы өзгерген. Алматы, 1 ақпан 2022 жыл.

3 ақпанда түстен кейін Алматыда қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы 8 адам тергеу изоляторынан босап шықты. Бұл жөнінде "Аманат" қоғамдық комиссиясының жетекшісі Абзал Құспан хабарлады.

Ұсталғандардың бұлтартпас шарасы қамаумен байланысты емес шара түрімен алмастырылған.

Босатылған азаматтардың тізімін белсенді Уәйс Ерсайынұлы желіде жариялады.

Ақпаратқа қарағанда, комиссия жұмысы аясында осымен 50 адам қамаудан шыққан. 2 ақпанда алты адам абақтыдан босатылған.

"Тағы бір адам — Тимур Ким кешке дейін босатылатын болды. Тағы 6 адамның құжаттарын шығаруға дайындап жатыр" деп жазды Уәйс Ерсайынұлы бейсенбі күні.

Осыған дейін қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандардың азапталғаны, қарулы күштердің оқиға кезінде жаралағандарды денсаулығына қарамастан ауруханадан алып кеткені жөнінде хабар тараған. Ұсталғандардың азапталғаны оларға адвокаттар мен туыстары кіріп шыққаннан кейін белгілі бола бастады. Туыстарының айтуынша, олар жаппай соққыға жығылған, азапталған. Бұған дейін жұрт тергеу изоляторынан босап шыққандардың кейбірі ақсаңдап, кейбірі балдақпен шыққанын байқаған.

Қаңтар оқиғасы мен оқиғадан кейінгі азаптау мен қысым көрсету фактілеріне құқық қорғаушылар алаңдаған. Ал ресми билік азаптау фактілері болғанын растап, жүзге жуық іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлаған.

Қаңтар оқиғасы бойынша жалпы 2 мыңнан астам қылмыстық іс қозғалған. Билік 900-ге жуық адамның күдікті статусында екенін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG