Accessibility links

"Барлығын босатқанша тұрамыз". Шыңжаңда туысы қамалғандардың күресіне жыл толды


Полиция Қытай консулдығы алдына Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп келген адамдарды балаларымен бірге әкетіп бара жатыр. Алматы, 8 ақпан 2022 жыл.
Полиция Қытай консулдығы алдына Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп келген адамдарды балаларымен бірге әкетіп бара жатыр. Алматы, 8 ақпан 2022 жыл.

Шыңжаңда қамауда отырған туыстарын босатуды талап еткен азаматтардың Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдына наразылық акциясына шығып жүргеніне жыл толды. Қытай тарапынан әлі жауап жоқ. Қазақстан билігі наразылыққа шыққандарды "заңсыз жиналғаны" үшін бірнеше рет жауапқа тартты: айыппұл салды, кейбірін әкімшілік қамауға алды. Азаттық солардың бірі Байболат Күнболатұлымен сөйлесті.

Азаттық: Консулдық алдында наразылық акциясына шығып жүргендеріңізге бір жыл толды. Не өзгерді?

Байболат Күнболатұлы: Нақты бір нәтиже жоқ. Қытай тарапынан да атап айтатындай жауап болмады. Қытайдың Қазақстандағы елшілігі де, консулдығы да осы күнге дейін үнсіз.

Азаттық: Былтыр Нұр-Сұлтан қаласындағы елшілікке де бардыңыздар, 15 күн сол жақта пикет өткіздіңіздер. Елші немесе елшілік өкілі ешқандай реакция білдірмеді ме?

Байболат Күнболатұлы Шыңжаңда қамауда отырған інісінің суретін ұстап, оны босатуды талап етіп Қытай елшілігі алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 20 ақпан 2020 жыл.
Байболат Күнболатұлы Шыңжаңда қамауда отырған інісінің суретін ұстап, оны босатуды талап етіп Қытай елшілігі алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 20 ақпан 2020 жыл.

Байболат Күнболатұлы Жоқ. Арызымызға ешкім жауап бермеді. Тек Қазақстан сыртқы істер министрлігі өкілдерімен бірнеше мәрте кездестік. Елбасының (Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың – ред.) кеңсесіне, президент әкімшілігіне хат тапсырдық.

Азаттық: Хаттарыңызға жауап берді ме?

Байболат Күнболатұлы Олардың жауабы – "хаттарыңызды тиісті мекемеге тапсырылды", "сыртқы істер министрлігіне, бас прокуратураға тапсырма берілді" деумен ғана шектелді.

Байболат Күнболатұлының Қытайда қамауда отырған бауыры Баймұратқа араша түсуін сұрап жазған хатына Қазақстан сыртқы істер министрлігінің 2021 жылғы 21 сәуірде жолдаған жауабы.
Байболат Күнболатұлының Қытайда қамауда отырған бауыры Баймұратқа араша түсуін сұрап жазған хатына Қазақстан сыртқы істер министрлігінің 2021 жылғы 21 сәуірде жолдаған жауабы.

Ал сыртқы істер министрлігі наразылыққа шығып жүрген он адамның әрқайсының мәселесіне байланысты Қытайға нота жолдағанын айтты. Наразылық білдіріп жүргендердің бас-аяғын жинасақ – 20 адам. Ал солардың ішінде 10 адам тұрақты түрде [пикетке] шығып жүр. Ал Қытай тарапы біздің сыртқы істер министрлігіне "пандемия аяқталып, карантин іс-шаралары жеңілдетіліп, шекара ашылғаннан кейін бұл мәселені жедел шешеміз" деп жауап берген.

Азаттық: Қытай билігінен келген жауапты өздеріңіз көре алдыңыздар ма?

Байболат Күнболатұлы Жоқ. Оны көрмедік. Бірақ сыртқы істер министрлігі бізге хатпен осылай деп жауап жазып жіберіпті.

Азаттық: Сыртқы істер министрлігінің бұл жауабы сіздерді қанағаттандырды ма?

Байболат Күнболатұлы Әуелде бұл жауапты естіген кезде "Қытай билігіне біздің зарымыз жеткен екен " деп қуанып едік. Өкінішке қарай, нақты нәтиже болмағандықтан, қазір көңіліміз қалып барады. Сыртқы істер министрлігінің құр сөзбен емес, нақты жұмыс істеп, туған-туысқанымызды Қазақстанға алып келгенін қалаймыз. Министрлік өз деңгейінде жұмыс жасап отыр деп есептемейміз.

Азаттық: Алматыда, Нұр-Сұлтанда сот шешімімен сіздерге салынған айыппұл көлемі қанша болды және оны қалай төледіңіздер? Кім көмектесті?

Байболат Күнболатұлы Алматы қаласының әкімшілік соты бір жыл ішінде консулдық алдына тұрақты шығып жүрген он адамға жиынтығы 1 миллион 960 мың теңге айыппұл салды. Бас-аяғы он төрт айыппұл. Соның он екісін құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина ұйытқы болып, төлеп берді. Екеуін ғана өзіміз төледік.

"Ауыр айыппұлды төлейтін ақша жоқ". Қытай елшілігінің алдында ұсталғандар жылу жинап жатыр (Нұр-Сұлтан, 28 қыркүйек 2021 жыл)

"Ауыр айыппұлды төлейтін ақша жоқ". Қытай елшілігінің алдында ұсталғандар жылу жинап жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:49 0:00

Нұр-Сұлтан қаласында да осынша мөлшерде айыппұл салды. Екі миллион теңгеге жуық. Бірақ оны сол қалада тұратын Жеңіскүл Ермұхаметқызы деген қандас әпкеміз WhatsApp мессенджері арқылы 4 миллион теңге жинап, өтеп берді. Тек айыппұлды ғана емес, Нұр-Сұлтан қаласына барған жол шығынымыз бен жатар орнымызға кеткен қаржыны да сол кісі өтеді.

Азаттық: Он адам. Он отбасы. Бір жылдан бері консулдық алдында тұрсыздар. Күнделікті тұрмысқа қажет қаржыны қалай тауып жүрсіздер? Әлде белгілі бір қоғамдық ұйымдар қаржылай көмектесіп отыр ма?

Байболат Күнболатұлы Көмектесті деп атап айтатындай қоғамдық ұйымдар жоқ. Алғаш айыппұл салына бастаған кезде Facebook парақшамда жұрттан көмек сұрап, банк картамның нөмірін жариялағам. Қазақстанның әр өңірінен адамдар шамасы келгенше көмектесіп отырады. Тіпті бірде зейнеткер бір апа қоңырау шалып, "сіздердің мұң-зарыңызды үнемі көреміз. Он күннен кейін зейнетақы алатын едім. Менде "Каспий голд" деген жоқ, терминалдан салып жіберемін" деп, кейін 3 мың теңге жіберді. Өзім танымайтын, мүлдем білмейтін апаның сол сөзіне қатты әсерлендім. Осы секілді жағдайлар көп болды.

Сот Байболат Күнболатұлын тағы да жазалады. Анасы ұлына араша сұрайды (Алматы, 23 маусым 2021 жыл)

Сот Шыңжаңдағы бауырын араша түсіп жүрген Күнболатұлын тағы да жазалады. Анасы ұлына араша сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:21 0:00

Азаттық: Қазақстан билігінің сіздерді әр шыққан сайын ұстап, полиция бөлімшесіне апаруы, айыппұл салуы жігерлеріңізді мұқалтқан жоқ па? Түңіліп, қолын сілтеп, шықпай қойған адамдар бар ма араларыңызда?

Байболат Күнболатұлы Иә, алғашында жиырма шақты адам шығып жүрген едік. Қазір әртүрлі жағдайға байланысты іріктеліп, он адам қалдық. Бірақ биліктің дейміз бе, полицейлердің дейміз бе, жасап отырған кедергісі бізді мұқалта алған жоқ.

Керісінше, уақыт өте келе полицейлер біздің жан жарамызды, жан азабымызды түсіне бастаған секілді. Өйткені алғашқы кездері полицейлер дөрекі болатын. Апаларымызды сүйреп апарып, көлікке тұрпайы түрде тиеген, қолын қайырған кездері болған. Қазір ондай бір артық әрекетке бармайды. Көлікке отырғызса да сыпайы. Бұрынғыдай тілдеу жоқ, Кейде сөйлесіп қалған тұста бізге жаны ашитынын аңғартып қалады.

17 жыл Қытай тұтқынында болған Рақыжан Зейнолла Қазақстанға оралды (Алматы, 9 сәуір 2021 жыл)

"Күтумен өткен өмір". 17 жыл Қытай тұтқынында болған азамат Қазақстанға оралды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:09 0:00

Азаттық: Консулдық алдында наразылық өткізіп жүрген әйелдердің бірі – Фарида Қабылбектің күйеуі Рақыжан Зейнолла отбасына оралды. Бірақ тағы бір әйел Гүлнәр Қосдәулеттің күйеуін Қытай жағы "жібереміз" деп бірнеше мәрте уәде еткенімен, әлі босатпады. Үміт пен күдіктің қайсысы басым?

Байболат Күнболатұлы Күдіктен үмітіміз басым. Себебі, олар (Шыңжаңдағы жақындарын айтады – ред.) біріншіден, еш себепсіз, жазықсыз қамауда отыр. Екіншіден, жыл бойы тоқтаусыз танытқан наразылық халықаралық ұйымдардың назарын аударып отыр. Бұл да өз деңгейінде Қытай билігіне қысым. Үшіншіден, Рақыжан ағамыздың отбасына оралуы – кішкене болса да жеңіс. Төртіншіден, Шыңжаңға жаңа басшы келді. Ол кісінің қазіргі ұстап отырған саясаты бұрынғы басшымен салыстырғанда жұмсағырақ. Қытай ақпарат құралдарынан жаңа басшының бұрынғы басшылықтың саясатын қатаң сынап жатқанын оқып отырмыз. Сондықтан да алдағы күннен тек үміт күтеміз.

Азаттық: Қыстың аязы, жаздың аптабында далада, консулдық алдында тұру денсаулыққа зиянын тигізбеді ме?

Байболат Күнболатұлы: Күн сайын шығып жүргеннен кейін аналар арып-ашып, тозып кетті. Бірақ үйде отырып уайымдап, қайғы-қасіретке батқан адамның консулдық алдына шығып өз талабын айтуы – оған рухани демеу. Өйткені қолдан еш шара келмейтінін мойындап, үнсіз егіле беру адамды одан сайын жасыта түседі. Ал мұнда біздің аналар өздеріне өздері демеу беріп, бір-біріне мұңын айтып, шерін тарқатады.

Азаттық: Сөз басында еш нәтиже жоқ дедіңіз. Нәтижесіз күресті тоқтатасыздар ма, әлде жалғастырасыздар ма?

Байболат Күнболатұлы: Ең соңғы туысымыз ортамызға оралғанша осы жерде тұра береміз.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG