Accessibility links

"Бостандық!" Семейде бір топ адам Қаңтар оқиғасынан соң қамалған жақындарын босатуды талап етті


Семей қаласында тәуелсіз комиссия өкілдерімен өткен кездесу. 23 ақпан 2022 жыл.
Семей қаласында тәуелсіз комиссия өкілдерімен өткен кездесу. 23 ақпан 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасы кезінде Семейде ұсталғандардың ата-аналары мен туыстары 23 ақпанда қаңтардағы қырғынды тексеру үшін құрылған тәуелсіз комиссия өкілдерімен кездесті.

Биліктен бірнеше аптадан бері жақындарын босатуды талап етіп жүргендер Достық үйіндегі жиынға Семей әкімі Бақытжан Баяхметовтің келуін талап етті. Кейбірі әкім өзі келмей орынбасарын жібергенін сынады.

Жиынға келгендердің кейбірінің туыстары Қаңтар оқиғасынан соң "терроризм актісін жасады", "ғимаратты басып алды", "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп істі болған.

Қаңтар оқиғасын тексеру үшін құрылған тәуелсіз комиссияның жетекшісі Рысбек Сәрсенбайұлының сөзінен соң залға жиналғандар "Әкім керек!" деп талап етті.

"Біздің мұнда келгендегі мақсатымыз – Қаңтар оқиғасында ұсталғандардың, айыпталғандардың, қаза тапқандардың тағдыры. Қазір түрлі айыппен көптеген адам қамауда отыр. Біздің ойымызша, оларды қамауға негіз жоқ. Егер прокурорлар мен полицейлер адамдарды қамауда ұстауға негіз бар десе әр іс бойынша дәлел көрсетсін" деді Сәрсенбайұлы.

Жиынға бұрынғы шенеунік Балташ Тұрсынбаев пен прокуратура өкілдері қатысты. Сәрсенбайұлы әкім келуін талап еткен жұртты сабырға шақырды. Жиынға келгендер қамауда отырған туыстарының суреттерін ілді.

Достық үйіндегі жиын басталмай тұрып, айыпталғандардың жақындары сыртта "Халық террорист емес!", "Террорға жол жоқ!", "Бостандық!" деп айғайлады.

Жиналғандардың арасында қамалғандардың туыстарын қолдау үшін Алматыдан, Өскеменнен, Павлодардан, Екібастұздан келдік дегендер де болды.

Жиналысқа келген тұрғын Жазира Емілбаева Азаттықа ағасы Қайрат Емілбаевтың 6 қаңтарда митингіге шығып, қамауда отырғанын айтты.

"Ол – шыбын да өлтірмейтін адам, террорист емес. Ағамды босатуды талап етемін" деді Емілбаева ағасының фотосын ұстап тұрып.

Жиында белсенді Кербез Егімбаева анасы Анар Қалиева мен бауыры Азиз Жолатов "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыппен қамауда отырғанын айтты. "Анам мен туған бауырымның босатылғанын талап етіп келдім" деді ол.

Достық үйіне жиналғандар бірнеше апта бұрын прокуратура ғимараты алдында туыстарын босатуды талап етіп, наразылық білдірген еді.

Қаңтардағы қырғыннан соң Қазақстанда бірнеше тәуелсіз комиссия құрылған еді. Комиссия мүшелері биліктен қамауда отырғандарды босатуды талап еткен. Қамаудағылардың жақындары да биліктен барлық айыптауды алып тастап, қысымды тоқтатуды талап қылады.

Қазақстанда Қаңтар оқиғасында ресми дерек бойынша 227 адам қаза тапты, мыңдаған адам ұсталды, жүздеген адам қамауға алынды. 2,7 мыңнан аса қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық істің көбі "Терроризм әрекеті", "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен қозғалған. Билік "бүлік шығарған террористер" деген сөзіне нақты дәлел келтірген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG