Accessibility links

"Біреудің көзі түссе керек". Ғарыш мониторингіне сүйеніп, шаруадан жерді тартып алмақ


Сарепта ауылында тұратын шаруа Юрий Шайдулин. Қарағанды облысы, 17 ақпан 2022 жыл.
Сарепта ауылында тұратын шаруа Юрий Шайдулин. Қарағанды облысы, 17 ақпан 2022 жыл.

Қарағандылық шаруа жылдар бойы маңдай терін төгіп, кәсіп көзіне айналдырған жерінен айырылып қалуы мүмкін. Жергілікті билік "дұрыс пайдаланылмады" деген сылтаумен жерді жалға беру келісімішартын бұзған. Әкімдік жер серігінен түсірілген суреттерді алға тартады. Қазақстандағы шаруалар қауымдастығы үкімет "иемденіп алған жерін дұрыс пайдаланбайтын латифундистермен күрес құралы" деп атаған ғарыш мониторингінің зардабы көбіне қарапайым шаруаға тиетінін айтады.

Қарағанды облысында тұратын шаруа Юрий Шайдулин кейінгі бірнеше айда жүйкесі тозып, қолынан дәрісі түспейтін болған. Қазір ол жиырма жыл бел жазбай еңбек еткен жерінен айырылып қалуға шақ тұр. Әкімдік 61 жастағы Шайдулиннен отбасын асырап, жергілікті халықты дәнді дақыл және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп, малға азық беріп отырған жер учаскесін тартып алмақ.

– Совет одағы тарап, колхоздар қараусыз қалып, жұрт көзге ілінгенді бұзып, Қытайға темір өткізе бастаған кезде ауылда қалып, жер өңдеумен айналыса бастадым. Сол кездің өзінде жер игерудің қыр-сырын жақсы білетінмін: К-700 тракторымен жер жыртып, тұқым сеуіп, комбайнмен астық оратынмын. Балаларымды да жаныма қосып алдым. Бұл жерге қанша ақша жұмсадық, бар күшімізді салып еңбек еттік. Енді осы еңбегімнің жемісін басқа адам көретініне қынжыламын. Жеріме біреудің көзі түскен сияқты, – дейді Сарепта ауылы тұрғыны Юрий Шайдулин.

Шайдулин кәсібін қалай бастағанын еске алды. Ол бұрын мұнай саласында істеген, жалақысы жақсы болған. Жиналған қаржыға көршілерінің жер үлесін сатып алған. Ол кезде жерді өңдеп, кәсіп қылумен айналысуға ықылас танытушылар көп емес еді, адамдар жан-жаққа көшіп, совхоздар тарап, ауылда жұмыс тоқтаған. Шайдулин жер жыртып, тұқым сеуіп, шөп еге бастаған. Еңбегіне қарай жыл сайын мол өнім алып отырған. Бірнеше жылдан кейін билік Шайдулинге шаруа қожалығын кеңейту үшін көлемі 800 және 1300 гектар екі жер учаскесін жалға берген.

Шаруа Юрий Шайдулиннің үйі. Қарағанды облысы, 17 ақпан 2022 жыл.
Шаруа Юрий Шайдулиннің үйі. Қарағанды облысы, 17 ақпан 2022 жыл.

– Ол кезде жерді ешкім керек қылмады, сондықтан маған Қытаймен шекараға дейінгі ірі жер учаскесін берді. Бірақ бас тарттым. Игеруге шамам жетеді-ау деген жерді ғана алдым. Жағдайыма және жердің дайын болғанына қарай тұқым себемін. Жерді күтіп, дайындамасаң, дәнді қор етудің қажеті жоқ. Биыл астық болмайтынын білемін, тек тыңайып жатқан жерден (жерді тыңайту – топырақтың құнарын қалпына келтіру әдісі, астық алқабын зиянкестер мен аурулардан қорғайды – ред.) ғана өнім аламын, – дейді Шайдулин.

Ол Азаттық тілшісіне егістік алқабында түсірілген суреттері мен видеоларын көрсетті. Олардан шаруаның туыстарымен бірге жер жыртып, көктемгі тұқым себу процесінің алдында химиялық дәрінің көмегімен арамшөпті құртып, тұқымды тазартып, агрегатқа салып, астық орып, жинап, бидай кептіріп, шөп шауып, оны артып, түнде дәнді дақылға түскен жылқыны қуып жүргенін көруге болады.

Шайдулин биылғы көктемгі егістік жұмысына да ертерек қамданып, көп жоспар құрған. Қамбаны тұқымға толтырған. Биыл арпа, сұлы, бидайдың екі түрін екпекші болған. Шілік, бұта өсетін, игеруге қиын жерлерді жырту үшін қымбат соқа сатып алған. Солярка қорын жинаған. Бірақ енді жергілікті билік бастаған сот әуресінен кейін биыл егін еге ме, жоқ па, білмейді.

"ШЕНЕУНІКТЕР ЖЕРДІ БАРЫП КӨРГЕН ЖОҚ"

2021 жылы маусымда Юрий Шайдулиннге жергілікті биліктен жерді жалға беру туралы келісімді бұзу туралы ұсыныс түскен. Шаруа жерді мақсатына сай пайдаланып жатқанын айтып, қандай да бір заңбұзушылық болса, оған дәлел келтіруін сұраған. Фермердің хаты жауапсыз қалған. Екі айдан кейін шаруа бір кезде жергілікті биліктің онымен жасасқан жер учаскесін жалға беру туралы келісімшарттың біржақты бұзылғаны жайлы хабарлама алған. Көп ұзамай Шайдулинді сотқа шақыртқан. Шағым беруші жақ – Абай ауданы әкімі – шаруаның хаттарға жауап бермегенін айтқан. Шайдулин мұны жоққа шығарады (оның әкімдікке жіберген жазбаша жауабы іс материалдарына тіркелген).

Шаруа Юрий Шайдулиннің үйінің ауласында тұрған ауылшаруашылығы техникасы. Қарағанды облысы, 17 ақпан 2022 жыл.
Шаруа Юрий Шайдулиннің үйінің ауласында тұрған ауылшаруашылығы техникасы. Қарағанды облысы, 17 ақпан 2022 жыл.

– Сотта бәрін айтып бердім, құжаттарды, фото-видео айғақтарды көрсеттім. Куәгерлерім де болды. Шағым беруші ғарыштан түсірілген суретті алға тартып отыр. Ғарыш мониторингінің шынымен менің учаскемде жүргізілгеніне күмәнім бар. Өздеріне қажет суретті таңдап алған сияқты. Менің жерімді көрсетсін, үш рет өңдеуден өткіздім, суретте қарайып жатуы керек. Суретте олай емес, басқа жерді көрсетіп отыр. Олардың суретінде қатты бидай егілген жер де көрінбейді. Шабындық жерімді пайдаланылмайтын жер учаскесі деп тауыпты. Бұл малға азық болады деп отырған шөп қой! Былтыр оңтүстік пен батыста құрғақшылық болып, жұрт малға азық таппай, картон берді. Ал жергілікті билік маған қалай тұқым себу керегін үйреткісі келеді. Көпжылдық шөп ерте көктемнен қара күзге дейін малға азық болады. Олар әуелі менімен бірге барып, сол жерді көзімен көруі керек еді. Бәрін көрсетіп, түсіндірер едім. Бірақ сот бұл ұсынысты қабылдамады, дейді шаруа.

Шаруа шенеуніктер ауылға келіп, егістік алқабына барса, жердің бос жатпағанына көз жеткізер еді деп күйінеді. Көпжылдық шөп егілетін шабындық жерге тұқым себілген, бүкіл аумақтың шөбі орылған. Жайылымдық жер де тағы бір ауыл тұрғынымен бірлесіп жұмыс істеу туралы нотариус куәландырған келісімшартқа сай пайдаланылған. Келісімшартқа сәйкес, ауыл тұрғыны шаруаға жылқы, ірі қара және ұсақ малды ортақ пайдалануға берген.

Шаруа Юрий Шайдулин жайылымдық жерді бір ауыл тұрғынымен бірлесіп жұмыс істеу туралы нотариус куәландырған келісімшартқа сай пайдаланғанын айтады. Келісімшартқа сәйкес, ауыл тұрғыны шаруаға жылқы, ірі қара және ұсақ малды ортақ пайдалануға берген.
Шаруа Юрий Шайдулин жайылымдық жерді бір ауыл тұрғынымен бірлесіп жұмыс істеу туралы нотариус куәландырған келісімшартқа сай пайдаланғанын айтады. Келісімшартқа сәйкес, ауыл тұрғыны шаруаға жылқы, ірі қара және ұсақ малды ортақ пайдалануға берген.

Сотта куәгерлерден де жауап алынған. Олар бірнеше жылдан бері Шайдулиннен бидай, арпа, сұлы мен шөп алып келгенін айтқан. Бірақ олардың сөзінен пайда болмаған: шағым беруші тарап "ғарыш мониторингі нәтижесінде жердің дұрыс пайдаланылмағаны анықталды" дегенді қайталай берген. Сот осы позицияны қолдаған. Шайдулин "Мониторинг қашан жүргізілді, қорытындысы бар ма?" деген сұрақтарына жауап таба алмағанын айтады.

Қазақстанда 2020 жылы пайдаланылмай жатқан жерді анықтау үшін пилоттық жоба ретінде ғарыш мониторингі әдісі енгізілген. 2021 жылдан бастап бұл жоба тұрақты негізде қолданысқа енді. Мониторинг мақсаты – пайдаланылмай бос жатқан жерді мемлекет иелігіне қайтару.

2016 жылы үкіметтің жер реформасына қарсы жаппай митинг кезінде мыңдаған демонстрант жер кодексіне енгізуге ұсынылған даулы өзгерістердің қабылдануына наразылық білдірген. Олар халыққа жайылымдық жер жетпейтінін, мыңдаған гектар аумақты биліктегі латифундистер иемденіп алғанын, соның салдарынан қазір ауыл халқы мал жаятын жер таппай қиналып отырғанын айтқан. Қазақстанның бірнеше қаласында өткен жер митингісінен кейін билік заңға енгізілген өзгерістерге мораторий жариялады. Кейінірек үкімет пайдаланылмай жатқан жерді мемлекетке қайтару туралы бастаманы қолдап, ғарыш мониторингін енгізді.

Бірақ ғарыш мониторингі қарапайым шаруаларды қорғаудың орнына, олардың жерін тартып алудың сылтауына айналған.

"ҒАРЫШ МОНИТОРИНГІН ЖЕТІЛДІРУ КЕРЕК"

Абай ауданы әкімдігі шаруа Юрий Шайдулинге қарсы шағымын жерді қашықтан түсіру қорытындысымен түсіндіреді. Жергілікті биліктің дерегінше, жер учаскелерінің пайдаланылмай тұрғаны Qoldau.kz порталында жүргізілген мониторинг кезінде белгілі болған. Шаруа қожалығында мал тіркелмегені, 101 гектар егістік жердің игерілмегені сияқты заң бұзу фактілері анықталған дейді әкімдік.

Билік өкілдері былтыр жазда шаруаға жерді жалға беру туралы келісімшарт бұзылғаны жөнінде хабарлама жіберілгенін айтады. Сотқа шағым қазан айында берілген. Сот процесі кезінде билік өкілдері шаруаға "малды ауыл шаруашылығы жануарлары базасына тіркеп, мемлекетке бос жатқан жерді қайтарсаң немесе егістік алқабын игеруді қолға алсаң, шағымды қайтарып аламыз" деген. Шаруа "әкімдік егістік алқабы мен шабындық жерден өз еркіммен бас тартуды немесе шөп тұқымы себілген жерді жыртуды ұсынды" дейді. Бұл қар түскен қараша айында болған. Шайдулин аязды күні тоң болып қатып жатқан жерді жыртуға салған трактор сынып қалатынын түсіндіруге тырысқан. Бірақ оның сөзіне ешім құлақ аспаған. Ақыр соңында жерді жалға беру туралы келісімшарт бұзылып, бірінші инстанциядағы сот шаруаны жерінен айырған.

Шаруа Юрий Шайдулин. Қарағанды облысы, 17 ақпан 2022 жыл.
Шаруа Юрий Шайдулин. Қарағанды облысы, 17 ақпан 2022 жыл.

Қарағанды облыстық жер қатынастары басқармасының дерегінше, өңірде жалпы көлемі 7,5 миллион гектарға тең 3730 жер учаскесі бойынша жалға беру келісімшартын бұзу туралы шағым түскен, қазір осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр (облыста 18 миллион гектар ауылшаруашылығы жері бар, олардың көбі жалға берілген). Дұрыс пайдаланылмаған немесе бос жатқан жер учаскелеріне байқау жарияланады.

Ақпанның аяғында өткен брифингте ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов статистика деректерін бөліскен. Ол ғарыш мониторингі нәтижесінде 3,6 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылғанын (ресми дерек бойынша, Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерінің көлемі – 100 миллион гектар) мәлімдеген. Биыл заңға өзгеріс еніп, пайдаланылмаған жер учаскесін тартып алу мерзімі екі жылдан бір жылға дейін қысқарған. Теміржанов қазір бос жатқан жерді арнайы бармай-ақ, ғарыш мониторингін жүргізіп анықтау механизмі енгізіліп жатқанын айтқан.

Қазақстандағы шаруалар қауымдастығы жердің басына бармай, ғарыштан түсірілген суретке ғана сүйеніп шешім шығару әдісін құптамайды. Бірлестік өкілдері шаруалар наразылығын туғызбай, сот процестерін азайту үшін ғарыш мониторингі жобасын жетілдіру керек деп есептейді.

– Былтыр үкіметтің қатысуымен өткен жер комиссиясы отырысында жер қатынастарына қатысты ұсыныстар айтылған. Біз ғарыш мониторингін жетілдіру керек, бір суретке сүйеніп, шешім шығару, келісімшартты бұзу дұрыс емес дедік. Аудандарда жер учаскесіне барып, тексеріп, адамдармен сөйлесіп, даулы тұстары болса, түсініктеме алатын инспекторлар бар. Бірден жерді тартып алмау керек, әуелі алдын алу шарасы жүргізілсін. Қазір министрлік өзгерістер дайындап жатыр. Бәрі қазіргі қалпында қалса, үлкен сот процестері болады. Ол ешкімге керек емес, – дейді Қазақстан шаруалары қауымдастығы төрағасының орынбасары Өмірбек Көшекбаев.

2021 жылы қауымдастық ғарыш мониторингінен алынған деректердің көбі шындыққа жанаспайтынын хабарлаған: мысалы, суретте "бос" жер деп көрсетілген учаскеден қарақұмық егілген егістік алқабы табылған, "пайдаланылмай жатыр" делінген жерге тұқым себілгені, көпжылдық шөп егілгені немесе тыңайтылып жатқаны анықталған. Қауымдастық өкілдері заң бұзу фактілері анықталған күннің өзінде шаруаларға жағдайды ретке келтіруге уақыт беріп, тек содан кейін ғана процестік шешім қабылдау керек деп есептейді.

Сарепта ауылындағы жылқы. Қарағанды облысы, 17 ақпан 2022 жыл.
Сарепта ауылындағы жылқы. Қарағанды облысы, 17 ақпан 2022 жыл.

Азаттық ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдап, дау туғызған ғарыш мониторингі жобасына байланысты пікір және жаңа өзгерістерден кейін қанша шаруадан шағым түскенін сұрады. Мақала жарияланғанға дейін министрліктен жауап келген жоқ.

Сарепта ауылында тұратын шаруа Юрий Шайдулин апелляция сотынан әділ шешім күтеді. Ол сот барлық ақпаратты мұқият тыңдап, егін егу науқаны басталғанша бір шешімге келер, сот процесі тезірек аяқталар деп үміттенеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG