28 наурызда Алматы соты саясаткер Жанболат Мамайдың апелляциялық шағымын қарап, қанағаттандырмай тастады. Бұған дейін Жанболат Мамай өзін екі айға қамау туралы сот шешіміне келіспей, апелляциялық сотқа шағым түсірген.
"Демократиялық партия" құрғысы келетін бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай 14 наурызда "Жалған ақпарат таратты" деген күдікпен екі айға қамауға алынған. Бұл істің қозғалуына Қаржы нарығын реттеу агенттігінің талап арызы себеп болған. Агенттік белсендіні "кредитке амнистия жарияланды деген жалған ақпарат таратты" деп кінәлаған, алайда Жанболат Мамай бұл айыпен келіспейді.
Жанболат Мамай одан бұрын Қаңтар оқиғасын еске алуға арналған 13 ақпандағы митингіге қатысқаны үшін 15 күнге қамалған еді. Ол 12 наурызда әкімшілік қамаудан босап шығуы тиіс болған. Алайда полиция белсендіні босатпаған.
Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, "Жалған ақпарат тарату" бабы (274-бап) бойынша істе Жанболат Мамай қорғануға құқығы бар куәгерден күдікті статусына ауыстырылған.
Сот болып жатқан тұста оның жақтастары Алматы қалалық сот алдына, кейін тергеу изоляторына барып, Жанболат Мамайға бостандық талап етті.
Қалалық сот алдына жиналған оннан астам белсенді "Жанболат – қылмыскер емес" деп ұрандатты. Жанболат Мамайға қолдау көрсетуге кәсіпкер, бұрын саяси партия жетекшісі болған Болат Әбілов те келді.
"Жанболатты студент кезінен танимын. Оны қылмыскер дегенге сенбеймін. Саяси себептермен соттап жатыр. Мұндай саяси сотпен ешқашан "Жаңа Қазақстан" орнамайды,- деді ол.
Жанболаттың әйелі, белсенді Инга Иманбай апелляциялық сот шешімі әуел бастан белгілі болған деп санайды.
"Апелляциялық сотты 12:40-қа белгілеген. Ал 15:00-де тергеу изоляторында Жанболатты тергеу амалдары өтейін деп жатыр. Сонда тергеушілер соттың шешімін алдын ала біліп, Жанболатты босатпайтынына сенімді болып отыр ма? Олар мұның саяси іс екенін осылай дәлелдеп отыр" – дейді белсенді.
26 наурызда халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Жанболат Мамайға тағылған айыптардың саяси астары бар деп есептеп, Қазақстан билігінен оны босатуды талап еткен.
ПІКІРЛЕР