Соңғы екі аптадан астам уақыт ішінде алғаш рет Стамбулда кездескен Ресей мен Украина келіссөзінде ілгерілеу байқалды. Мәскеу Киев пен солтүстіктегі Чернигов қаласында әскери қимылды азайтатынын мәлімдегенмен Батыс елдері мен Киев қатер әлі сейілген жоқ деп санайды.
Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин "өзара сенімді нығайту үшін" Ресей әскері Киев пен Чернигов маңындағы "белсенділігін күрт бәсеңдететінін" айтты. Киев ешқандай әскери ұйымға мүше болмай, бейтарап статуста болуға дайын, бірақ Ресей Украинаның Еуропа одағына мүше болуына кедергі келтірмеуі тиіс. Киев Украинаның бейтарап мәртебесі мен қауіпсіздікке кепілдік беру жайлы халықаралық келісім жобасын ұсынды. Оған сәйкес, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері, арасында, Ресей, Түркия, Германия, Израиль және өзге де елдер бар, гарант ел болмақ. Басқыншылық жағдайда олар Украинаға әскери көмек беруі тиіс.
Украина тарабынан келіссөзге қатысқан Михаил Подоляктің айтуынша, "күрделі келіссөз барысында" атысты тоқтату және гуманитарлық дәліз мәселесі де талқыланған. Оның айтуынша, елдің шығысында 2014 жылдан бері Украина күштерімен соғысып жатқан ресейшіл сепаратистер орналасқан Донбасс пен Қырымның тағдыры әзірге белгісіз. Халықаралық кепілдіктің оған қатысы жоқ.
Келіссөзге Ресей тарабынан қатысқан Владимир Мединскийдің айтуынша, Ресей делегациясы енді президент Владимир Путиннің ұсыныстарын тыңдап, таныстырмақ.
ПІКІРЛЕР