Стамбулда Ресей мен Украина арасында келіссөздің алғашқы отырысы аяқталып, Украина бейбіт келісім бойынша бірнеше ұсыныс жасады. Киев ешқандай әскери ұйымға мүше болмай, бейтарап статуста болуға дайын, бірақ Ресей Украинаның Еуропа одағына мүше болуына кедергі келтірмеуі тиіс. Стамбулдағы келіссөзге Украина қандай шарт ұсынды? Бұл ұсынысқа Ресей не деді? Түсіндіреміз.
УКРАИНА ҚАНДАЙ ҰСЫНЫС ЖАСАДЫ?
Киев делегациясы Стамбулдағы келісімге Украинаның қауіпсіздігіне кепіл беретін халықаралық келісім әкелген. Бұл келісімде Украина тарабы Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Түркия, Франция, Канада, Италия, Польша және Израиль Украинаның қауіпсіздігіне гарант болатын елдер ретінде ұсынған. Кейбір елдер гарант болуға алдын-ала келісімін берді.
Егер Украинаға әскери шабуыл жасалса, Киев гарант елдермен үш күн кеңес өткізеді. Ал кеңесу кезінде тараптар қандай да бір дипломатиялық шешімге келмесе гарант елдер Украинаға әскери көмек көрсетуі тиіс. Бұдан бөлек, гарант елдер Украинаның Еуропа одағына мүше болуына көмектесуі керек.
Киев бейбіт келісімнің шарттары алдымен референдумға шығарылады, одан кейін гарант елдердің парламенттері және Украина парламенті ратификациялайды деп отыр.
Украина бейбіт келісімге қол қою процесі соғыс тоқтаған жағдайда, тыныштықта өтуі тиіс деп мәлімдеді. Яғни, Ресей шабуылды толық тоқтатуы керек.
Егер осы процестің бәрі сәтті аяқталса, Украина ешқандай әскери одаққа кірмейтін, ядролық қару ұстамайтын бейтарап статус алуға дайын. Ондай жағдайда Украинада шетелдің әскери базасы мен әскерилері болмайды, Украина аумағында әскери жаттығу гарант елдердің келісімімен өтеді.
Украина ұсынған құжатта Қырым мен Донбасс туралы бөлек пункт жазылған. Киев Қырым мен Севастополь статусын 15 жылдың ішінде Ресей-Украина арасындағы келіссөз арқылы шешуді ұсынады. Осы уақытта екі тарап Қырым мәселесін шешу үшін қару қолданбауы тиіс.
Украина Донбасс мәселесін екі елдің президенттері талқылауы керек дегенді ұсынып отыр.
Киев делегациясы гарант елдермен кеңесу басталғанын, екі аптадан соң гарант елдердің қатысуымен жан-жақты келіссөз жүруі мүмкін екенін айтады.
"Донбасс және Қырым мәселесі реттелген жоқ, сондықтан гарант елдер бұл территорияларда жұмыс істемейді. Бірақ біз әлем мойындаған Украина территориясын ғана мойындаймыз" деді Украина делегациясының жетекшісі Давид Арахамия келіссөзден соң.
РЕСЕЙ ТАРАБЫ НЕ ДЕЙДІ?
Ресей делегациясының жетекшісі Владимир Мединский Стамбулдағы келіссөз "конструктивті түрде" өткенін мәлімдеді.
"Ресей Украина ұсындаған атысты тоқтату бойынша келіссөзін қарастырады және бұл жайлы президент Путинге хабарланады. Бейбітшілік туралы келісімді екі елдің сыртқы істер министрлігі реттеген соң Путин мен Зеленский кездесуі мүмкін" деді ол келіссөзден кейін.
Бұдан бөлек, Мединский Ресейдің РИА-Новости ақпарат агенттігіне "Украина ұсынған келісім Қырым мен Донбасс аймағына жүрмейді. Ал Ресей Украинаның Еуропа одағына мүше болуына қарсы емес" деген.
Стамбулдағы келіссөз жүріп жатқан тұста Ресей тарабы Киев облысы мен Чернигов облысындағы әскери шабуылын бәсеңдететінін жариялады.
Сондай-ақ бүгін Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу "арнайы операцияның бірінші кезеңіндегі негізгі мақсаттар орындалды, енді басты мақсат – Донбассты азат етуге көңіл бөлуге болады" деп мәлімдеді.
24 ақпанда Ресей әскері Путиннің бұйрығымен Украинаға басып кірген. Кремль бастапқыда Украинаны "демилитиризация" және "денацификация" жасаймыз деген еді, кейін Кремль Киев, Одесса сияқты ірі қалаларды басып алуға тырысты.
Бірақ АҚШ қорғаныс министрлігі және батыс барлаушылары Ресей әскері Украинадағы соғыста әскери шығынға көп ұшырағанын айтқан. Бүгін, 29 наурызда Стамбулда Ресей-Украина келіссөзінің кезекті раунды басталды. Осы кездесудің алдында Британдық Financial Times басылымы дереккөздеріне сілтеме жасап, Ресей "денацификация" талабынан бас тартқанын жазды.
Екі тарап наурыздың басында Беларусьте келіссөз өткізген, кейін бұл процесс видеобайланыс арқылы жалғасқан еді.
ПІКІРЛЕР