Столтенберг: НАТО Ресей қаупі артқан тұста одақтың жұмысын қайта қарайды
НАТО Ресейдің ықтимал басқыншылығына төтеп беру жоспары аясында одаққа мүше елдердің шекараларында әскерін тұрақты қалдыру мәселесін қарастырып жатыр.
Бұл жөнінде британдық The Telegraph басылымына берген сұхбатында НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Солтүстікатлантикалық одақ қазір "ірі трансформация" кезеңінде тұр және бұл процесте Ресей президенті Владимир Путин әрекетінің ұзақмерзімдік салдары да ескеріледі.
"Қазір көріп отырғанымыз – жаңа жағдай, Еуропа қауіпсіздігінің жаңа нормасы. Сол себепті әскери жетекшілерімізді жаңа кезеңге қатысты өз ұсыныстарын айтуға шақырып отырмыз" деді Столтенберг.
Жуырда өкілеті тағы бір жылға ұзарғанын мәлімдеген Йенс Столтенберг The Telegraph басылымына ұйымның жұмысын қайта қарау мәселесі бойынша барлық шешімдер биыл маусымда Мадридте өтетін НАТО саммитінде қабылданатынын айтты.
Осыған дейін Столтенберг Солтүстікатлантикалық одақтың шығыс қанатын күшейту қажеттігін атап өткен.
24 ақпанда басталған Ресейдің Украинаға әскери басқыншылығы Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған босқындар дағдарысын туындатты және батыс елдерінің жетекшілерін қорғаныс саясатын қайта қарауға итермеледі.
Украина әскері соғыс кезінде қаза болған Ресей солдаттарының мәйіті көмілген бауырластар зиратын тапқанын мәлімдеді. Украина Қарулы күштерінің стратегиялық коммуникациялар басқармасының хабарлауынша, бейіт Харьковтан сегіз шақырым жерде орналасқан Ольховка ауылынан табылған. Ведомство суреттерді де жариялады (Ескерту: адам шошырлық суреттер бар). Соғыс кезінде мұндай ақпараттарды тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеріп-анықтау мүмкін болмай тұр.
Украина президенті кеңсесінің өкілі Михаил Подоляктің айтуынша, Владимир Зеленский соғыстардың басым бөлігінде жеңгеннен кейін (Донбаста да) Ресей басшысымен кездеседі. Бұл жөнінде "Украинская правда" басылымы жазды.
"Бәріне түсінікті болсын деп айтып отырмын: Ресей империялық иллюзияларынан арылуы тиіс және Украина осыны жасайтын әлемдегі жалғыз мемлекет. Ол үшін қанша уақыт керек болады, маңыздысы ол емес" деді Подоляк.
Еуроодақ Ресей мен Беларусьте тіркелген жүк көліктерін одақ аумағына кіргізуді тоқтатты
Бұл жөнінде Ресей федералдық кеден қызметі хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, ЕО елдері Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты қабылданған бесінші санкция пакетіне сүйенген.
Осыған дейін белорус және ресейлік жүк көліктеріне Еуроодақ аумағынан 16 сәуірге дейін шығу туралы ескерту берілген.
Шектеудің әзірге дәрі-дәрмек, медицина, тамақ өнімдері сонымен бірге ауыл шаруашылық, энергия тасымалдаушы, түсті металл өнімдері мен тыңайтқыштарды тасымалдайтын жүк көліктеріне қатысы жоқ.
ПІКІРЛЕР