Северодонецкіде 10 сәуір таңертең мектеп пен екі тұрғын үй атқылауға ұшырады
Бұл жөнінде Луганск облысы әкімшілігінің жетекшісі Сергей Гайдай хабарлады. Тұрғын үйлердің бірінде бірнеше пәтер өртенген. Кейін өрт сөндірілген. Әзірге толық емес мәлімет бойынша қаза болғандар жоқ.
Берлускони Путиннен "қатты көңілі қалғанын" айтты
Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускони Украинадағы соғысқа байланысты Ресей президенті Владимир Путиннен "қатты көңілі қалғанын" айтты. Ол бұл сөзін сенбі күні жақтастарының алдында сөйлеген кезде айтқан.
"Украина тәрізді бейтарап мемлекет басқыншылыққа ұшырап, қазір қайсарлық танытып, еркіндігі үшін күресіп жатыр. Украинаға қарсы басқыншылық Ресейді Қытайға кіріптар етті. Өте өкінішті. Бүкіл әлем алдында үлкен жауапкершілікті мойнына алған Владимир Путиннен қатты көңілім қалды, қапалымын" деді Берлускони. Оның сөзінен партияның баспасөз хатшысы үзінді келтіреді.
Il Giornale басылымының жазуынша, Берлускони Киев облысының Буча қаласында "нағыз әскери қылмыс жасалды және Ресей жауапкершілігін жоққа шығара алмайды" деген.
Италия ақпарат құралдарының жазуынша, 85 жастағы миллиардер Ресей Украинаға басып кіргелі бері мәлімдемелерінде Владимир Путиннің атын атамаған. Тек "қақтығыстың ушығуына алаңдаулы" екенін айтумен шектелген.
Осыған дейін Берлускони Путинді "досым" деп атаған, олар бір-бірінің резиденцияларына жиі барып тұрған. 2021 жылы қыркүйекте Путин оны телефонмен туған күнімен құттақтағаннан кейін Берлускони Ресей басшысын "осы заманның соңғы біртуар саяси лидері" деп атаған еді.
Ресей әскері Донбасқа шоғырланды. Украина соғыстың жаңа кезеңіне қалай дайындалып жатыр?
Әскерін Украина шығысына шоғырландырып жатқан Ресей сепаратистер қолындағы Донецк пен Луганск жерін түгелімен бақылауға алып, осы аудандардағы Украина күштерін қоршап алуды көздейді. Ресей бұл мақсатына жете ала ма?
Бұл сұраққа Вашингтондағы стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының кеңесшісі Марк Кансиан былайша жауап береді.
"Кейінгі бірнеше аптада олар бүкіл елді жаулап алуды мақсат еткен еді. Онымен салыстырғанда бұл жүзеге асуы мүмкін мақсат. Алайда бұлай болуы екіталай. Осы үш-төрт аптада Ресей әскері көп жетістікке жете алмады. Қазір оларда соғысқа жұмылдыруға болатын бірнеше құрылым бар, бірақ көп адамнан айырылған күштерін жаңартуға біршама уақыт керек..."
Сұхбаттың толық нұсқасы мында.
Ұлыбритания премьер-министрі Киевке барды
9 сәуірде Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Джонсонның Украинаға баратыны жөнінде алдын ала хабарланбады.
Келіссөзден кейін Джонсон Лондон Киевке 120 броньды техника және кемеге қарсы жаңа зымыран жүйесін беретінін мәлімдеді. Бұл жөнінде британдық BBC агенттігі хабарлады.
Халық көп шоғырланған Краматорскідегі вокзалға зымыран соққысы жасалғаннан кейін жұма күні премьер-министр Украинаға 100 млн фунт көлемінде қосымша әскери көмек беретінін мәлімдеген. Лондон Киевке танкілер мен әуе соққыларынан қорғайтын жүйелер, "камикадзе-дрондарын" да береді.
Екі ел басшысы Киев орталығын аралады.
Наурыздың соңында Ресей әскері Украина астанасынан 20-25 шақырым жерге шоғырланып, қалаға соққылар жасаған. Қазір Ресей әскері елдің солтүстігі мен Киев облысынан кеткен.
"Президент Зеленскийдің сенімді басқаруы мен украин халқының қайсарлығы мен батырлығының арқасында Путиннің адам шошырлық жоспары бұзылып жатыр" деді Джонсон.
ПІКІРЛЕР