Путиннің соғыс жайлы айтқанын плакатқа жазып алып пикетке шыққан Санкт-Петербург тұрғыны Артур Дмитриевке айыппұл салынды
Ол Ресей армиясының "беделін түсіруге тырысты" деп айыпталып, 30 мың рубль көлемінде айыппұл алды.
Ақпаратқа қарағанда, Дмитриев 7 сәуірде метро станцияларының бірінде "Соғыс қаншама қасірет әкелді, оны ұмыту мүмкін емес. Қайта басқыншылық жасағысы келетіндерге ақтау жоқ" деп жазылған (Война принесла столько невыносимых испытаний, горя и слез, что забыть это невозможно. И нет прощения и оправдания тем, кто вновь замышляет агрессивные планы) плакат ұстап тұрған. Оны полиция ұстап әкеткен. Дмитриев бір күн полиция бөлімшесінде қонып шыққан.
Сот Дмитриевтің “соғыс” сөзін пайдаланғанына назар аударған. Ресей Украинадағы соғысты “әскери операция” деп атап, “соғыс” дегендерді қудалайды.
Оның плакатындағы сөзді президент Владимир Путин 2021 жылы 9 мамыр күнгі әскери парад кезінде айтқан.
BBC: Ресей Украинадағы операцияға жетекшілік еткен қолбасшыны ауыстырды
Киевтен шегініп, соғыста едәуір шығынға ұшырағанын мойындаған Ресей Украинадағы операцияға жетекшілік еткен қолбасшыны ауыстырды. Бұл жөнінде аты-жөнін айтпаған Батыс елдерінің өкіліне сүйенген британдық BBC агенттігі хабарлады.
Агенттік дереккөзінің айтуынша, Оңтүстік әскери округке жетекшілік еткен армия генералы Александр Дворников жаңа қолбасшы болып тағайындалған. Ол бұрын Ресей әскерінің Сириядағы қимылдарына жетекшілік еткен.
BBC-дің жазуынша, түрлі ресейлік әскери округтар арасында координацияның әлсіз болғаны Ресейдің Украинадағы соғыста қиындыққа ұшырауына себеп болған. Генерал Дворниковтың алдында жағдайды өзгертіп, координацияны күшейту міндеті тұр.
Ақпаратқа қарағанда, Ресей әскеріне 9 мамырға дейін Украинада қандай да бір "жетістікке жету" жөнінде тапсырма берілген. 9 мамырда Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен әскери парад өтеді. Украина солтүстігінен әскерін әкеткен Ресейдің Донбасқа шабуыл жасауға шұғыл дайындала бастауын осымен түсіндіруге болады. Бұған қоса, Ресей басшылығы қабылдай алатын келіссөз нәтижесі де "жетістік" ретінде мойындалуы мүмкін.
Ресей қорғаныс министрлігі қолбасшының ауысуына байланысты түсініктеме бермеді. Ведомство сонымен бірге 24 ақпаннан бері операцияға кім жетекшілік еткенін хабарламаған.
БҰҰ: Соғыс басталғалы бері Украинадан 4,3 миллионнан астам адам босып кетті
Мұндай мәліметті БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттігі таратты.
Ақпаратқа қарағанда, басым бөлігі яғни, 2,5 миллионнан астам адам Польшаға өткен. 671 мыңы – Румынияға, 408 мыңы – Венгрияға, 404 мыңы – Молдоваға, 373 мыңы – Ресейге, 307 мыңы - Словакияға, 19 мыңы Беларуське кеткен.
2022 жылдың басындағы мәлімет бойынша, Украинада 41 млн адам тұрған.
БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Гранди мұны "Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі Еуропадағы ең ірі босқындар дағдарысы" деп атады.
Украина қалаларын атқылау жалғасып жатыр
Ресей әскері Украинаның Миргород қаласына зымыранмен соққы жасап, зымыран қаладағы инфрақұрылым нысанына түскен. Полтава облыстық әскери әкімшілігінің жетекшісі Дмитрий Луниннің хабарлауынша, екі адам зардап шеккен.
Сенбі күні таңертең сонымен бірге Одесса облысындағы Черноморск қаласына зымыран соққысы жасалған. Бұл жөнінде қала басшысы Василий Гуляев хабарлады.
Ол қала тұрғындарын үрейленбеуге және мүмкіндігінше бомбадан жасырынатын орындарды сағалауға үндеген. Оның айтуынша, Черноморскіде жағдай бақылаудан шықпаған.
ПІКІРЛЕР