Accessibility links

Улан-Баторда жастардың билікке қарсы наразылығы қалай өтті? Моңғолиялық қазақтармен тілдестік


Улан-Батордағы наразылық. 8 сәуір 2022 жыл (Моңғолия қазағы Жанболат Хасанайұлы түсірген суреттер).
Улан-Батордағы наразылық. 8 сәуір 2022 жыл (Моңғолия қазағы Жанболат Хасанайұлы түсірген суреттер).

7-8 сәуірде Моңғолияда мыңдаған жас билікке қарсы, қымбатшылыққа, ұлттық валюта төгрөгтің құнсыздануына, жемқорлыққа қарсы бейбіт шеруге шықты. Азаттық наразылыққа қатысқан моңғолиялық қазақтармен сөйлесіп, наразылықтың жай-жапсарын білді.

"ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ПЕН САЛЫҚТЫҢ ӨСКЕНІ ТҮРТКІ БОЛДЫ"

Улан-Батор қаласында тұратын қазақ Ақжелең (мемлекеттік қызметте істейтіндіктен аты-жөні өзгертілді) - 7 сәуір күні Сухэ-Батор алаңында өткен бейбіт митингіге қатысқандардың бірі. Оның сөзінше, наразылыққа алдымен елдегі қымбатшылық себеп болған.

– Моңғолия – ет пен ұнды сырттан тасымайтын, өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған ел. Бірақ еттің бір келісі қазір 20 мың төгрөг (шамамен 3600 теңге) болды. Ұн да екі есе қымбаттады. Сонымен қатар доллар мен Қытайдың юані да күрт қымбаттады. Бұл біздің наразылығымызды туғызды, – дейді ол.

Ақжелең елде кейінгі уақытта ешқандай жалақының өспегенін, бірақ табыс салығы 30 пайызға өсіп кеткенін айтады.

7 сәуір күндіз басталып, наразы жастар алаңда түнеген. Наразылар алдына әділет министрі келіп, мәселені 12 сағатта шешуге уәде бергенімен, жастар оған көнбеген.

­­– Түн ішінде [полиция] бізді күшпен таратпақ болып, машинамен су шашты. Таңға жуық ортамыздан 67 адамды ұстап әкетті. Ұстау кезінде кейбір полицейлер жастарды ұрды. Полицейлердің бұл әрекеті видеоға түсіп қалып, интернетте көп тарап кетті. Әлеуметтік желіде тараған видеоны көрген жұрт 8 сәуір күні алаңға қайта жиналды. Бұл күні адам қарасы өте көп болды, – дейді Ақжелең.

Улан-Батордың орталық алаңына жиналған жұрт. 8 сәуір 2022 жыл (Моңғолия қазағы Жанболат Хасанайұлы түсірген суреттер).
Улан-Батордың орталық алаңына жиналған жұрт. 8 сәуір 2022 жыл (Моңғолия қазағы Жанболат Хасанайұлы түсірген суреттер).

Елдегі жастардың қозғалыстары полицияның бейбіт наразыларға қатыгездігін сынап, демократиялық қоғамда мұндайға жол беруге болмайды деп мәлімдемелер жасады.

8 сәуірдегі митингіде жастардың талабы күшейіп, олар полицияның әрекетіне, президентке, жұмыссыздыққа, жемқорлыққа қарсы шыға бастады. Жастар "импортер елде емес, өз кәсібі бар елде тұрғым келеді", "мемлекет бізді зорлап жатыр", "салықты азайтыңдар", "дәрігермін, бірақ ашпын" деген ұрандар айтқан.

Халықаралық сарапшылар бұл Моңғолиядағы Covid пандемиясы басталғалы бергі ең ірі наразылық акциясы екенін айтады.

Пандемия салдарынан 2020 жылдан бастап елдің кіріс көзінің бірі туризм саласы мүлдем тоқтап қалған. Бірақ билік туризммен айналысатын фирмаларды салықтан босатпаған. Бұл да ел ішіндегі наразылықтың туындауына себеп болған факторлардың бірі.

"ҮНЕМДЕУДІ БИЛІК ӨЗІНЕН БАСТАСЫН"

Наразылыққа қатысқан тағы бір қазақ Жанболат Хасанайұлы биліктегілер мен депутаттардың халыққа "үнемдеңдер" деген сөзі де жастардың шамына тигенін айтады

– Моңғолияның Ұлы хуралының (ел парламенті – Ред.) жетекшісі Гомбожавын Занданшатар "әлемді қымбатшылық жайлап келе жатыр. Сондықтан қолда барды үнемде" деп мәлімдеген. Оның бұл сөзіне шамданған жастар наразылық кезінде "үнемдеуді билік өзінен бастасын" деген де ұрандар айтты. Алаңға "Моңғолияда жақсы өмір сүрейік" деген ұранмен жиналдық. Жұмыстың жоқтығы мен жемқорлықтың салдарынан жастардың барлығы жақсы жұмыс іздеп, шетелге кетіп жатыр. Жемқорлық пен сыбайластық жайлаған елге айнала бастадық. Мәселен, жылына үш пайызбен мемлекеттен беретін кредитті қара халық емес, биліктегілер өздері бөліп алды. Қазір елде аурухана, мектеп, балабақша жетіспейді, – дейді Жанболат.

Наразылар алаңда отыр. 8 сәуір 2022 жыл (Моңғолия қазағы Жанболат Хасанайұлы түсірген суреттер).
Наразылар алаңда отыр. 8 сәуір 2022 жыл (Моңғолия қазағы Жанболат Хасанайұлы түсірген суреттер).

8 сәуірде Моңғолия премьер-министрі Лувсаннамсрайн Овун-Эрдэнэ жастардың алдына келіп, наразылардың талабын тыңдаған. Премьер алда үкіметтің жедел отырысын өткізіп, жастардың талабын талқылайтынын айтқан. Моңғолиялық қазақ Асхат Е. (мемлекеттік қызметте істеуіне байланысты аты­­-жөні өзгертілді) жастар мен үкімет басшысының арасындағы келіссөз кезінде алаңда болған.

– Билік шеруге қатысып ұсталғандарды түгел босатты және оларды қудаламауға, жемқорлық туралы заңға өзгеріс енгізуге, Ұлы хурал депутаттарының заңмен қорғалатын құқықтарын азайту және министрлердің қажеттілігіне ұсталатын артық шығындар мен салықты азайтуға уәде берді. Бұлардың ішінде билік өкілдерінің "Lexus 570", "Land Cruiser 200" көліктерімен жүруіне тыйым салу да бар, – дейді ол.

БҰЛ НАРАЗЫЛЫҚ БҰРЫНҒЫДАН ӨЗГЕШЕ

Асхаттың айтуынша, Моңғолияда бұған дейінгі билікке қарсы наразылықтарды қандай да бір саяси күштер я партиялар бастайтын, ал бұл жолы жастар наразылыққа өз еріктерімен шыққан. Билікке талап қойған жастар ешқандай партияға мүше емес. Олар үкімет өз міндетін орындамай отыр, биліктегілер өздеріне ғана жағдай жасап жатыр, халықтың әл-ауқатын көтермеді, жастарға жағдай жасамай отыр деп санайды.

– "Салауатты ортада өмір сүргіміз келеді" деп алаңға жиналған жастар орталарына қандай да бір саяси күштерлің өкілдерін кіргізбеді. Бұл наразылықтың ең үлкен ошағы – Улан-Батор қаласы болды, ал наразылықтың өзі елдің 21 аймағын қамтыды, - дейді Асхат.

Моңғолияда қазақтар көп тұратын Баян-Өлгей аймағында ондаған адам алаңға жиналып, Улан-Батордағы наразылықты қолдау акциясы өткен. Баян-Өлгейде тұратын қазақ Талғат Әнуарбек елдегі қымбатшылыққа елдің бәрі наразы екенін айтады.

– Өзімізден шығатын ет пен сүт өнімдерінің күрт қымбаттауы қалалы жерде тұратын адамдардың әл-ауқатына әсер етіп жатыр. Тек мал шаруашылығымен айналысатын Баян-Өлгей аймағында еттің бағасы күрт қымбаттап кетті. Ал билік қара халыққа "үнемде" деп талап қояды, - дейді ол.

Economist Intelligence Unit басылымының "Демократия индексінде" 168 елдің ішінде 62-орында тұрған Моңғолияда кейінгі он жылда билікке қарсы түрлі митинг өтті. Халық сайлауға, кен орындарын дұрыс игермеуге қарсы, экономикалық мәселелерге, халыққа қатыгездік танытуға қарсы наразылықтар өткен.

Мәселен, 2021 жылы қаңтарда дәрігерлер жаңа босанған әйелді коронавирус жұқтырды деп сәбиімен бірге жылы киімсіз басқа ауруханаға ауыстырған соң халық жаппай наразылыққа шыққан. Наразылар үкімет мұндай олқылықтар жібермеуі керек деп сынға алған. Бұл митингіден соң елдің премьері Ухнаагийн Хурэлсух отставкаға кеткен еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG