Accessibility links

Қаржы пирамидасына алданған әйел өз-өзін министрлік алдында өртеп, ауыр жағдайда ауруханаға түсті


Ішкі істер министрлігі алдында өз-өзін өртеген әйелді өшіріп жатқан адамдар. Нұр-Сұлтан қаласы, 11 сәуір, 2022 жыл. Скриншот
Ішкі істер министрлігі алдында өз-өзін өртеген әйелді өшіріп жатқан адамдар. Нұр-Сұлтан қаласы, 11 сәуір, 2022 жыл. Скриншот

Қаржы пирамидасынан зардап шеккен әйел 11 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында ішкі істер министрлігінің ғимараты жанында өз-өзін өртеді. 32 жастағы Бағила Досмаилова жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.

Сейсенбі күні Нұр-Сұлтан қалалық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, күйік шалған әйелді комбустиолог, реаниматолог, токсиколог және терапевт тексерген. "Жағдайы ауыр, аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды" деп хабарлады аталған мекеме.

Полицияның сөзінше, от дереу өшірілген. Әлеуметтік желіде жарияланған видеода өртеніп жатқан әйелге бірнеше адам қалай көмектесерін білмей жүргені байқалады. Өрт сөндіргіш баллонмен екі полицей келген соң ғана отты өшіре алған.

Нұр-Сұлтан полициясының баспасөз қызметі полицейлердің бірі қолын күйдіріп алғанын, Қылмыстық кодекстің "Өз-өзіне қол салуға дейін жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Бағила Досмаилованың күйеуімен сөйлескен ақпарат құралдары күйік шалған әйелді "жедел жәрдем дереу әкетпегенін" айтады. Күйеуінің сөзінше, "оны әуелі полиция басқармасына апарған, содан соң ғана жедел жәрдем шақырған".

Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленованың сөзінше, өртенген әйелді полиция кідіртпеген, қайта дереу көлікке салып, жедел жәрдем көлігінің алдынан шыққан.

– Полицейлер жедел жәрдеммен сөйлесіп, басқарма жаққа қарай әкетті. Бірақ ол басқармаға апарды деген сөз емес. Ондай болған жоқ. Қайта жедел жәрдемге тезірек жеткізуге септігін тигізді, - дейді Шәуленова.

Mudarabah Capital қаржы пирамидасына байланысты қозғалған қылмыстық істе зардап шеккен адам ретінде танылған Досмаилова өз-өзіне от қоярдан бұрын Instagram парақшасына "егер өлсем, істі жабуға тырысып отырған Алматы полициясы департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов кінәлі" деп жазған.

Досмаилова өз-өзін өртегеннен кейін Рустам Әбдірахманов Facebook парақшасына "Қаржы пирамидасына байланысты қылмыстық іс бойынша күдікті 14 адам бар, оның екеуіне халықаралық іздеу жарияланды" деп жазған. Мұнан өзге 6 күдікті қамауға алынған, 3 адам сот шешімі бойынша кепілдікпен бостандыққа шыққан. Тағы екі адам - үйқамақта, бір адам – ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен еркіндікте жүр.

Рустам Әбдірахмановтың жазуынша, алдағы күндері қылмыстық іс сотқа жіберіледі.

Досмаилова Mudarabah Capital компаниясын жарнамалаған жергілікті вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты жауапқа тартуды талап еткен. Құқық қорғау органдары өзін инвестициялық құрылым деп таныстырған компания ісінен қаржы пирамидасының белгілерін көріп отыр. Вайнерлер қаржы пирамидасы бойынша іске күдікті ретінде тартылған. Бірақ олар 3 миллион теңгесін кепілге қойып, бостандықта жүр.

Жергілікті БАҚ хабарына қарағанда, Досмаилованың отбасы қаржы пирамидасына 20 миллион теңгесін берген (шамамен 45 мың долларға жуық). 8 сәуірде үлескерлер Алматы полициясы ғимаратының алдына пикетке шығып, "тергеу әділетсіз" деп полицияны кінәлаған. Олар қылмыстық істі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы мен ішкі істер министрлігінің тергеу департаментіне беруді талап еткен.

Кейінгі жылдары Қазақстанда қаржы пирамидасына байланысты қылмыстық істер көбейе түскен. Кейбір жеке компаниялардың өкілдеріне ондаған миллиард теңге жымқырды деген айып тағылған. Тергеу он мыңнан астам адамның қаржы пирамидасына алданғанын көрсеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG