Павлодарда "ұсақ бұзақылық жасады" деп айыпталған 59 жастағы қала тұрғыны үш күнге қамалды. Ол Инстаграмда "тұрғындардың ар-намысына тиетін" комментарий жазғаны үшін жауапқа тартылды. Бұл жөнінде қала әкімшілік сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Қала тұрғыны намысқа тиетін пікірін Павлодар атын өзгерту туралы петициядан кейін жариялаған.
Соттың хабарлауынша, ер адам тағылған айыпты мойындаған. Жауапкердің сөзіне қарағанда, қала атауын ауыстыру туралы жазбаны көргенде "жағымсыз реакция" туындаған және қалдырған пікірі үшін өкінетінін айтқан.
9 сәуірде интернетте Қазақстанның солтүстігіндегі Павлодар қаласын - Ертіс, Петропавлды Қызылжар деп атау туралы ұсыныс айтылған петиция жарияланды. 34 мыңнан астам адам "қолдап", 14 мыңнан астамы "қарсы болған".
Петицияға байланысты пікірін айтқан Петропавл әкімі Болат Жұмабеков оның мемлекеттік емес сайтта жарияланғанын, мемлекеттік органдардың оған қатысы жоғын мәлімдеген. Павлодар әкімі Асайын Байханов та осыған ұқсас пікір айтып, облыс орталығының атын өзгерту туралы ұсыныс түспегенін, мәселе қарастырылмағанын хабарлады.
Ресей патшалығының қазақ жеріне салған бекініс атауларымен аталатын екі қаланың атын өзгерту туралы пікірталас Қазақстанда алғаш рет туындап жатқан жоқ. Ресей депутаттары Қазақстанға "территориялық претензияларын" айта бастағаннан кейін мұндай пікірталастар қызған.
Осыған дейін кейбір Ресей саясаткерлері Қазақстанның солтүстік өңірін "орыс халқының сыйы" деп мәлімдеп, кейбіреулер тіпті, "территориясын" қайтаруды талап етті. Нұр-Сұлтан Ресей мемлекеттік думасы депутаты Вячеслав Никоновтың мәлімдемесіне байланысты Мәскеуге наразылық нотасын жіберген. Бірақ Ресейден еш жауап болған жоқ. Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ресей депутаттарының мәлімдемесін "бос сөз" деп атаған.
ПІКІРЛЕР