Ресей Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон мен бірқатар британ министрлеріне елге кіруге тыйым салды.
Ресей СІМ хабарламасында мұндай шешімді "британ үкіметінің қастық әрекетімен", атап айтқанда, Ресейдің жоғары лауазымды тұлғаларына санкция салуымен байланыстырады.
Ақпаратқа қарағанда, тыйым 13 адамға салынған. Арасында Ұлыбритания әділет, қорғаныс, қаржы, сыртқы істер және ішкі істер министрлері бар. Бұған қоса, бұрынғы премьер, қазір парламент депутаты Тереза Мэйге де шектеу қойылған.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері Ұлыбритания Ресей саясаткерлері мен кәсіпкерлеріне, мемлекеттік БАҚ өкілдеріне санкция салумен келеді. Лондон Мәскеуге қарсы шектеулерін үздіксіз жаңартып жатыр. Атап айтқанда, Лондон Ресейдің энергоресурстарына эмбарго қойған. Санкция тізіміне Ресей президенті Владимир Путиннің қыздары мен сыртқы істер министрі Сергей Лавровты да енгізген.
- 24 ақпанда Ресей "денацификация" және "демилитаризация" жүргіземіз деген желеумен көршілес Украинаға қарсы соғыс бастаған. Ресей Украинадағы соғысты "әскери операция" деп атайды, оны "соғыс" деп атағандарды қатаң жазалайды. БҰҰ-ға мүше елдердің басым бөлігі оқиғаны Ресей басқыншылығы деп атап, Мәскеуден әскерін Украинадан алып кетуді талап еткен.
- Жеті аптадан астам уақыт ішінде Ресей әскері Украинаның көптеген қалаларын атқылап, зымыранмен соққы берді. Тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар және өзге де азаматтық нысандар қирады. Көптеген дәлелдерге қарамастан Ресей билігі бейбіт азаматтар шоғырланған азаматтық нысандарға шабуыл жасағанын жоққа шығарады.
ПІКІРЛЕР