Accessibility links

Зеленский: Мариупольдегі әскерилердің өлімі келіссөзге нүкте қояды


Мариуполь. "Z" таңбасы бар әскери техника жылжып барады.
Мариуполь. "Z" таңбасы бар әскери техника жылжып барады.

Қоршауда қалған Мариупольде украин әскерилері қаза тапса, Ресеймен келіссөзге нүкте қойылуы мүмкін. Украина президенті Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, Мариупольдегі украин күштері қоршауда қалған: оларда су, дәрі-дәрмек жоқ. Бірақ соған қарамастан қорғанып жатыр.

Зеленскийдің айтуынша, Ресеймен бейбіт келісім екі құжаттан тұруы мүмкін. Біреуі Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы құжат, екіншісі Украинаның Ресеймен қатынасы. Бірақ Зеленскийдің айтуынша, Мәскеу бір құжатқа қол қойылғанын қалайды.

Ал Ресей қорғаныс министрлігі Мариуполь аумағы "Азов" батальоны, Украина әскері мен шетелдік жалдамалылардан "азат етілгенін" хабарлады. Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, "Азовсталь" металлургия комбинатының аумағына шоғырланған Украина күштері қоршауда қалған. Ресей әскері олардан берілуді талап етіп отыр.

Украина тұтқындарының сөзіне сүйенген Ресей қорғаныс министрлігі "Азовсталь" аумағында шамамен 2,5 мың адам барын айтты. Әзірге тәуелсіз дереккөздер Ресей билігінің мәліметін растаған жоқ.

  • Украина мен Ресей арасында қақтығысты реттеу бойынша келіссөз соңғы рет 20 наурызда Стамбулда өткен. Кейін Мәскеу Киев талаптарының күшейгенін мәлімдеген. Ресей қорғаныс министрлігінің айтуынша, кездесу кезінде Украина жағы Ресейге Украинаның ықтимал бейтарап статусы жайлы және оның қауіпсіздігіне халықаралық кепілдік беру туралы өз жобаларын ұсынған. Онда қауіпсіздік кепілдігі аннексияланған Қырым мен Донбастың бір бөлігіне жүрмейтіні көрсетілген. Ресей жағы Украина енді ол пунктіден бас тартып отыр дейді.
  • 24 ақпанда Ресей "денацификация" және "демилитаризация" жүргіземіз деген желеумен көршілес Украинаға қарсы соғыс бастаған. Ресей Украинадағы соғысты "әскери операция" деп атайды, оны "соғыс" деп атағандарды қатаң жазалайды. БҰҰ-ға мүше елдердің басым бөлігі оқиғаны Ресей басқыншылығы деп атап, Мәскеуден әскерін Украинадан алып кетуді талап еткен.
  • БҰҰ мәліметінше, соғыс басталғалы бері 2 мың украин азаматы қаза болған, арасында балалар да бар. Бес миллионға жуық адам елден босып кеткен, Украинаның өз ішінде 7 миллион адам үйлерін тастап, басқа өңірге қоныстануға мәжбүр болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG