Accessibility links

Қазақстанның әр аймағында белсенділер 1 мамырда митинг өткізуге өтініш тапсыра бастады


Полиция көлігі. Көрнекі сурет.
Полиция көлігі. Көрнекі сурет.

Қазақстанның әр аймағындағы азаматтық белсенділер 1 мамырда Украинаға қолдау білдіріп, соғысты тоқтатуды; Қазақстанның ҰҚШҰ мен Еуразиялық экономикалық одақтан шығуын талап етіп; халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып; жалақыны, зейнетақыны көбейуді сұрап митингіге шығатындары жөнінде өтініш тапсыра бастады.

Мәселен, ақтаулық белсенді Ұлбосын Тұрдиева 1 мамырда митинг өткізу туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың атына жазған өтінішіне 18 cәуірде Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов жауап берген. Ол "Ақтауда 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күні мәдени-көпшілік шара өтетін" айтып, митингіге рұқсат бермеген.

Шымкенттік белсенділер Гүлжан Мұратбаева мен Шолпан Жанұзақова да 18 сәуірде жергілікті әкімдікке митинг өткізу туралы ескерткендерін, бірақ әлі жауап алмағандарын айтады.

Ал Жаңаөзен тұрғыны Жадыра Досекева да 1 мамырда Қаңтар қырғынан соң қамауда отырғандарды толық ақтап босатуды; жалақыны өсіріп, азық-түлік қымбаттауын тоқтатуды; Қазақстанның ҰҚШҰ мен Еуразиялық экономикалық одақтан шығуын талап ететін митинг өткізем деп қала әкімдігіне өтініш берген. Ол бұл өтінішіне жауап алмағанын, бірақ оған дейін осыған ұқсас талаптармен 7 және 11 сәуірде митинг өткізуге берген арыздарына әкімдік "спорттық шара өтеді, өтініште қаржыландыру көзі көрсетілмеген" деп рұқсат бермегенін айтады.

- Мені азаматтық белсенділігіме байланысты және митинг өткізу туралы бірнеше өтініш жасаған соң қудалай бастады. Өзіме тікелей болмаса да, ер жеткен балаларым мен күйеуімді ҰҚК қызметкерлері "әңгімелесеміз" деп шақыра бастады, - дейді ол.

Өткен жексенбіде "Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысының лидері, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов та Қазақстанда халықты 1 мамырда жаппай митингіге шығуға шақырған. Ол митингіде ҰҚШҰ мен Еуразиялық экономикалық одақтан шығу; жалақыны, зейнетақыны, жәрдемақыны екі есеге дейін өсіру; кредиттерді кешіру талаптарын көтеруді, Украинаны қолдауды ұсынады. Әблязовтың ҚДТ қозғалысы Қазақстанда "экстремистік" деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Ал Еуропарламент бұл қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

Әблязов ұсынысынан соң Қостанайда азаматтық белсенділер полицияға шақырту ала бастады. Мәселен, Алексей Плясковский 18 сәуірде полиция бөлімшеге шақырып, сұрақтар қойғанын айтты.

- Менен "2022 жылы митингіге шығу туралы ойыңыз бар ма? ҚДТ, "Көше партиясы" қозғалыстарынык тыйым салынғанын білесіз бе? Жасарал Қуанышалин мен бірнеше азаматтық белсендінің атын атап, олармен жеке байланысың бар ма?" деп сұрады, - дейді ол.

Алексей Плясковский Қостанайдағы қалалық полиция бөлімшесіне барғанда белсенді Сандуғаш Санд-Ахметті көргенін айтады. Ол да полицияға шақыртумен келгенін жеткізген. Екі белсенді полицияға шақыртылғандарын 1 мамырда жоспарланған митингімен байланыстырады.

Азаттық тілшісі белсенділердің шақыртылуының жай-жапсарын білмекке Қостанайдағы полиция басқармасына хабарласқанымен, жауап болмады.

Қазақстанда оппозициялық күштер митингісі қарсаңында және митинг күні полицияның белсенділерді ұстауы жиілейді. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға жиі шақырады. Ал билік кез келген митингіге рұқсат алуды талап етеді, рұқсатсыз митингіне заңсыз деп танып, қатысушыларын жазалайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG