Accessibility links

Сараптама Қаңтарда қаза болған Аңсар Исламның қанынан "спирт анықталды" дейді. Марқұмның туыстары келіспейді


Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оққа ұшқан Аңсар Ислам. Сурет отбасының жеке архивінен алынды.
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда оққа ұшқан Аңсар Ислам. Сурет отбасының жеке архивінен алынды.

Шымкенттегі сот сараптамалар институты Алматыдағы Қаңтар оқиғасында оқ тиіп, қаза болған Аңсар Исламның қан үлгісінен "этил спирті анықталды" деген қорытындыға келген. Аңсар Ислам мәйіті Алматыдан Шымкентке жеткізіліп, осы қалада жерленген еді. Кейін Шымкентте орган өкілдері оның сүйегін сараптама үшін қайта қазып алған.

Шымкенттегі сот сараптамалары институтының сараптама қорытындысын Азаттыққа марқұмның ата-анасы ұсынды. Олар сараптама қорытындысымен келіспейді.

Институт қорытындысында Аңсар Ислам мойнына тиген оқтан көп қан жоғалтқаны, геморрагиялық шок алғаны жазылған. Оқ "бытыра-картечпен жабдықталған" қарудан атылғаны көрсетілген.

"Аңсар Исламның мәйітінің қан үлгісінен этил спирті анықталды. Бұл мөлшер тірі адамдарда орта дәрежеде алкогольді мастыққа жатады" делінген қорытындыда.

Марқұмның әкесі Әлімжан Аманқұлов сараптама қорытындысымен мүлде келіспей, "ұлым арақ ішпейтін" деп отыр.

- Баламның сүйегінің бұзылып, шірігеніне қарамай сараптама әділ өтсін деп басында тұрдым. Артық зат шықпады. Үлкен ұлым Аңсар қайтыс болатын күні оның жанында болған. Үйде тамақтан басқа жолда су да ішпедік деп отыр. Аңсар мүлдем ішімдік ішпейтін. Бәрі жалған. Жалған ақпарат бергені үшін сарапшылардың үстінен шағым түсіремін. Мына сараптама қорытындысын жоққа шығармаса, екінші рет эксгумация жасатсам да халықаралық тәуелсіз сараптама жасатып баламның ақ екенін дәлелдеймін, - дейді ол.

Туыстарының айтуынша, Аңсар Ислам Алматыда 5 қаңтарда көлігінің майын ауыстыру үшін көшеге шыққан.

Марқұм 7 қаңтарда Шымкенттегі зиратқа жерленген еді. Кейін Алматы қалалық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен іс қозғап, Аңсар Исламның сүйегін қайта қазып алу үшін Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық сотына жүгінген. Сот марқұмның сүйегін эксгумация жасау туралы қаулы шығарған.

Исламның туыстары оның сүйегін қайта қазып алуға қарсы болып, сот қаулысына апелляциялық шағым түсіргенімен қалалық сот қанағаттандырмады.

7 сәуірде марқұмның сүйегін тергеушілер қайта қазып алып, сараптамаға жіберді. Сараптама біткен соң сол күні қайта жерледі.

Ресми дерек бойынша, қаңтардағы дүрбелеңнен кемінде 230 адам қаза болған. Бұған қоса, уақытша қамау изоляторларында жатқан сегіз адам "рұқсат етілмеген тергеу әдістерін қолдану" кесірінен қаза тапты.

Бұған дейін сот Қазақстанның әр өңірінде марқұмдардың сүйегін қайта қазып алып, сараптама жасауға бұйрық берген. Марқұмдардың туыстары бұған қарсылық білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG