Accessibility links

Баж төлеуден жалтарғандар арасында "Назарбаевтың қарындасының" компаниясы бар


Қытаймен шекарадағы Қорғас бекеті. Көрнекі сурет.
Қытаймен шекарадағы Қорғас бекеті. Көрнекі сурет.

Қазақстан бас прокуратурасы 3 мамырда кеденнен өтетін тауар декларациясына байланысты көптеген заң бұзу фактілерін анықтаған тексеру қорытындысын жариялады. Прокуратура тексеру анықтаған заң бұзу фактілері салдарынан мемлекетке миллиардтаған зиян келгенін атап көрсетті.

"Баж төлеуден жалтару және тауар декларациясында жалған мәлімет көрсету салдарынан мемлекетке 165 миллиард теңге көлемінде зиян келген" дейді прокуратура.

Баспасөзге арналған хабарламада "құзырлы экономикалық орган өкілдері кәсіпкерлердің салықтан жалтаруын" көздеп, кейінгі екі жылда 221 миллиард теңгенің жалған құжатын жасағаны айтылған. Ал бір ай ішінде жалпы кұны 800 миллион теңгеге татитын 16 контрабанда фактісі әшкереленген.

"Мысалы, Group Of The Companies Tda жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүгін тексеру барысында құжатта көрсетілмеген 287 миллион теңгенің тауары шықты. Компания басшысы тұтқындалды" деп хабарлады бас прокуратура өкілі Дархан Дүйсембай.

Group Of The Companies Tda компаниясының құрылтайшылары Әнипа Назарбаева мен Әли Қылышпаев екені көрсетілген құжат.
Group Of The Companies Tda компаниясының құрылтайшылары Әнипа Назарбаева мен Әли Қылышпаев екені көрсетілген құжат.

Азаттық ашық дереккөздерден анықтап көрген Group Of The Companies Tda деген көлік фирмасы құрылтайшысының бірі Әнипа Әбішқызы Назарбаева деп көрсетілген. Бұл адамның аты-жөні мен жеке деректері экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған қарындасыныкімен бірдей. Компания былтыр бюджетке 14,5 миллиард теңгеден астам салық төлеген.

Электронды үкімет базасындағы құжатта Group Of The Companies Tda серіктестігінің тағы бір құрылтайшысы Әли Жанболатұлы Қылышпаев әрі осы компанияның директоры ретінде көрсетілген. Әнипа Назарбаевадан, Әли Қылышпаевтан я олардың өкілдерінен бұл ақпараттарға байланысты түсініктеме алу мүмкін болмады.

Прокуратура "кеден саласын тексерушілерге 30 мың АҚШ доллары көлемінде пара берді" деп көрсеткен "Cargo Management" компаниясы қазір Әсет Нұрдос деген азаматқа қарайды. Аты-жөні дәл осындай адам экс-президент Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның "күйеуі" делінетін Қайрат Шәріпбаевқа тиесілі болған компанияларды басқаратынын Азаттық журналистік зерттеуінде анықтаған еді.

Назарбаевтың "күйеу баласы" Қайрат Шәріпбаев кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:11:50 0:00

"Cargo Management" компаниясы алғаш тіркелген 2016 жылы бірнеше заңды тұлға арқылы Қайрат Шәріпбаев, Дариға Назарбаева, Айсұлтан Назарбаев пен Ғалым Нұрғазиевке қараған.

Бас прокуратура хабарламасында "Нұрлы жол" кеден бекеті бастығы мен орынбасары "қылмысты іс-әрекетке баруға ыңғай танытқан" прокуратура қызметкеріне пара берген деген күдікпен ұсталғаны, барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқаны айтылған. Бұға қоса кедендегі анықталған кемшіліктерді жою үшін үкіметке прокурорлық бақылау актісі жолданған.

Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелері мен оларға жақын кейбір адамдардың үстінен іс қозғалған. Наурызда Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды тұтқындалды. Жемқорлыққа қарсы қызмет Сатыбалдының үстінен "ақша жымқырып, қызмет бабын асыра пайдаланған" және "мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін өзге де қылмыстарға қатысы бар" деген күдікпен іс қозғалғанын хабарлады. Оның бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды "2017 жылы Алматыда өткен қысқы Универсиада ойындары нысандарын жөндеуге бөлінген қаржыны жымқырған" деген күдікпен қамауға алынып, үстінен іс қозғалды. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның құдасы Қайрат Боранбаев ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікпен наурызда екі айға тұтқындалды. Ал бір кездері кей сарапшылар Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктегі мұрагері санаған Дариға Назарбаева наурыздың басында мәжіліс депутаттығынан кетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG