Accessibility links

Дариға Назарбаева мәжілістен кетіп, оның орнына Саясат Нұрбек келді


Дариға Назарбаеваның сенат спикері болып тұрған кезі. 2019 жыл.
Дариға Назарбаеваның сенат спикері болып тұрған кезі. 2019 жыл.

2 наурыз күнгі мәжіліс отырысында депутаттар экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның депутаттық өкілетін тоқтатуға дауыс берді.

"Қатысып отырғандар - 101 депутат, 99 депутат жақтап дауыс берді, бір депутат қалыс қалды" деді дауыс беруден соң мәжіліс спикері Ерлан Қошанов.

Дариға Назарбаеваның өзі отырыста болмады.

Бұдан соң Ерлан Қошанов орталық сайлау комиссиясының Саясат Нұрбекті "Аманат" (Қошановтың өзі отырыс кезінде "Нұр Отан" деді) партиясы атынан мәжіліс депутаты ретінде тіркегенін айтты. Саясат Нұрбек ант беріп, депутат қызметіне кірісті. Ол бұған дейін BTS Education компаниясының бас директоры қызметін атқарған. Былтыр парламент сайлауы қарсаңында Саясат Нұрбек "Нұр Отан" партиясының депутаттықтан үміткерлер тізіміне енді. Құқық қорғаушылар мен белсенділер парламент сайлауында заңбұзушылықтар көп болғанын айтып, нәтижесіне күмен келтірген.

Қаңтар оқиғасынан кейін көрінбей кеткен экс-президенттің қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның депутаттық өкілетін орталық сайлау комиссиясы 25 ақпанда тоқтатқан. Көмекшілері жыл басталғалы бері мәжіліс отырыстарына қатыспаған Назарбаеваның "коронавируспен" ауырғанын, одан кейін "ақысыз демалыста" екенін айтып келген.

Бұған дейін мәжілістегі кейбір әріптестері Назарбаева өз еркімен арыз жазып кетуі тиіс деген еді. 10 ақпанда депутат Айдос Сарым журналистерге "қаңтар оқиғасына апарған жағдай мен Қазақстанда қалыптасқан авторитарлық жүйе оның есімімен тікелей байланысты, өте үлкен сенімсіздік бар және оған реакция білдіру қажет" деген.

Осыған дейін Назарбаева "Нұр Отан" партиясының саяси кеңес құрамына да енбеген еді.

Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президент пен қазіргі президенттің жақтастары арасында элита аралық тартыс өршігені туралы болжам кең тараған. Ізінше экс-президенттің туыстары мен айналасындағы шенеуніктер бірінен соң бірі қызметтерінен кете бастады. 18 қаңтарда қаңтар оқиғасынан кейін алғаш рет видеомәлімдеме жасаған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев "элита аралық тартысты" жоққа шығарып, бас билік Тоқаевтың қолында екенін, өзінің қарапайым "зейнеткер" екенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG