Accessibility links

Шымкентте Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған Молдабай Сәдібековтің соты басталды


Жергілікті азаматтық белсенді Молдабай Сәдібеков Әл Фараби аудандық сотында отыр. Шымкент, 3 мамыр 2022 жыл.
Жергілікті азаматтық белсенді Молдабай Сәдібеков Әл Фараби аудандық сотында отыр. Шымкент, 3 мамыр 2022 жыл.

3 мамырда Шымкенттегі Әл Фараби аудандық соты жергілікті белсенді Молдабай Сәдібековтің ісін қарай бастады. Бұл – Қаңтар оқиғасына байланысты үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған шымкенттік жеті азаматтық белсендінің үстінен қозғалған қылмыстық істер бойынша басталған алғашқы сот отырысы. Тараптар фото-видео түсіруге қарсы болмағанымен, судья журналиске сот процесінен аудио жазуға ғана рұқсат етіп, суретке я видеоға түсіруге тыйым салды.

51 жастағы Молдабай Сәдібековтің үстінен "Жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған және оған қатысқан" (272-бап), "Билік өкіліне күш қолданған" деген айыптармен іс қозғалған. 10 қаңтардан бері қамауда отырған белсенді алғашқы сот отырысына тергеу абақтысынан жеткізілді.

Прокуратура өкілі Қаратаева айыпталушы Сәдібековтің 4 қаңтарда Республика көшесіндегі "Колос" аялдамасынан басталған митингіні естіген соң оған қолдау білдіру мақсатында барғанын, жаппай тәртіпсіздікке қатысқанын, топты бастап қала әкімдігіне жеткенін, "Шал, кет!", "Жаңаөзен, алға!", "Ұры билік кетсін!" деп ұрандатып, видеоға түсіргенін айтты. "Ол полиция қызметкерін ұрды" деп прокурор белсендіні айыптай сөйледі.

Сотқа жәбірленуші ретінде қатысқан Қаратау аудандық полиция басқармасы жергілікті полиция бөлімі басшысының орынбасары Мекен Алтынбеков қойылған сұрақтарға жауап берді. Ол 5 қаңтарға қараған түні болған жаппай тәртіпсіздік кезінде қала әкімдігі алдындағы "Түркістан" сарайы маңында өзіне Сәдібековтің қол жұмсап, сол жақ бетінен ұрғанын айтты.

Молдабай Сәдібеков сотқа берген жауабында бейбіт митингіге қатысқанын мойындайтынын, алайда митингіге ешкімді шақырмағанын, полиция қызметкерін ұрмағанын жеткізді.

– Қымбатшылыққа қарсылық білдірген Жаңаөзенді қолдау үшін "Колосқа" бардым. Бейбіт митингіге қатыстым, "Шал, кет!" деп пікірімді айтып, телефонға видео түсірдім. Жәбірленушіні танитын едім, әкімдік алдында амандастым. Бірақ ұрған жоқпын. Митингіге ешкімді шақырған емеспін, ешкімге нұсқау берген жоқпын, – деді ол.

Жәбірленуші мен айыпталушыдан, куәлерден жауап алынған соң судья 12 мамырға дейін үзіліс жариялады.

Шымкент қаласы прокуратурасы Қаңтар оқиғасына байланысты төрт істі сотқа өткізіп, тіркеген. Оның екеуі – азаматтық белсенді Ерғали Құлбаев пен Молдабай Сәдібековке қатысты. Екеуі де "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айыпталған. Қалған екі іс – "Ұрлық" бабымен байланысты.

Молдабай Сәдібеков – Қаңтар оқиғасына дейін де Шымкентте өткен түрлі наразылық акцияларына шығып, азаматтық пікір-ұстанымын ашық айтып жүрген белсенді. Төрт баласының үшеуі кәмелетке толмаған отағасы домбыра жасаумен айналысып күн көрген.

Ресми дерек бойынша, Шымкентте қаңтар оқиғасынан кейін 86 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін "Ұрлық", "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен онға жуық адам сотталды. Сот оларға бостандығын шектеу жазасын, шартты жаза тағайындады.

Ресми мәлімет бойынша, Шымкентте Қаңтар оқиғасында 120-дан аса адам түрлі жарақат алып, 20 адам қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG