ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН СОҢ ҰСТАЛҒАН БАЛАЛАР ҮЙІ ТҮЛЕКТЕРІ
20 жастағы Азамат Жанқожаев – Шымкенттегі "Бауыржан" балалар үйінде тәрбиеленген. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің "Әскери дайындық" мамандығы бойынша 2-курс студенті, мемлекеттік грант иегері.
Азамат Жанқожаевты 15 қаңтарда Шымкенттегі балалар үйінің кәмелет жасқа толған түлектері тұратын жатақханадан полиция ұстаған. Әуелгіде ол Қылмыстық кодекстің "Терроризм актісі" (255-бап), "Билік өкіліне күш қолдану" (380-бап), "Бөтеннің мүлкін қасақана жою" (202-бап), "Бұзақылық" (293-бап), "Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" (287-бап) және "Ұрлық" (188-бап) бабымен күдікке ілінген. 18 ақпанда Жанқожаевтың ісін прокуратура саралап, "Жаппай тәртіпсіздік" (272-бап) бабымен күдікті деп танып, өзін қамаудан қолхатпен босатып, үйіне жіберді.
Туысы Айжан Тасқұлова бала кезінен Азаматтың тағдыры ауыр болғанын айтады. Бір жарым жасында ата-анасы ажырасқан. Ауруы меңдеп, үнемі есінен танып қалатын анасы жұмыс істеуге жарамаған соң екі баласын – Азамат пен інісін балалар үйіне өткізуге мәжбүр болған. 2021 жылы қыркүйекте анасы созылмалы аурудан қайтыс болған.
– Әке-шешесі жоқ болудың өзі – қасірет қой. Жетім өскен баланы жазықсыз соттаудың не керегі бар? – дейді Тасқұлова. Ол Азаматтың еш кінәсі жоқ деп есептейді.
Айжан Тасқұлованың сөзінше, Азамат митингіге қатыспаған. 6 қаңтарға қараған түні Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына шабуыл жасалған кезде шамамен бес жүз метр қашықта тұрып ұзақтығы бір минутқа жетпейтін видео түсірген. Осы видео кейін оның ұсталуына негізгі дәлел ретінде пайдаланылған. "Видеодан оның шабуылға қатыспағанын, полиция ғимаратын өртемегенін, ешкімге зәбір көрсетпегенін көруге болады" дейді туысы.
– Азаматқа "кінәң болса, мойныңмен көтересің" дедім. "Соттаса соттасын, бірақ ешқандай қылмысқа қатысым жоқ" деді. Әбден қорқып қалған. Жылап отыр. Басы, маңдай тұсы көгерген. Айтуынша, бүйрегі мен қабырғасының астынан ұрыпты. Тергеу изоляторында ұрып-соғып, басына қап кигізіп қылқындырыпты. Сөйтіп "көлікті, полиция басқарамасы мен "Нұр Отан" партиясы ғимаратын өртедім" деп қол қойдырған, – дейді Айжан Тасқұлова.
Ол әділдік іздеп, барлық жерге барғанын, алыстан түсірілген видео жас жігітті қылмыскер деп атауға дәлел бола алмайды деп айқайлағаны үшін прокурор оны қорғаушы құқығынан айырғанын айтып шағынды.
"Азамат пен інісі маған анасынан қалған аманат. Аманатқа көз жұмып, қиянат жасай алмаймын. Шешесі өлер алдында балаларыма көз қырыңды сала жүрші деп тапсырып кеткен. Соңына дейін қорғаймын" дейді ол көзіне жас алып.
"ОҚИҒАНЫ ҚЫЗЫҚ КӨРГЕНІ ҮШІН КҮДІККЕ ІЛІНДІ"
Шымкенттегі Түркістан облыстық "Жасөспірімдер үйі" жатақханасында тұрып жатқан 112 жас азаматтың 86-сы 16-23 жас аралығында.
Мекеме басшылығының мәліметінше, жастайынан балалар үйінде тәрбиеленген, қазір кәмелетке толған түлектер тұратын жатақханадан қаңтар оқиғасына байланысты төрт адам ұсталған.
Олардың бірі – Бекзат Ертаев төтенше жағдай кезінде комендант сағаты тәртібін бұзғаны үшін 8 күнге қамалып, әкімшілік жазаға тартылған.
19 жастағы Айдын Нұржанов пен Әмірхан Нұрғановтың үстінен, Азамат Жанқожаев сияқты, бірнеше баппен қылмыстық іс қозғалып, тергеу соты оларды екі айға қамауға алған.
Нұржановтың қорғаушысы, "Жасөспірімдер үйінің" директоры Қарсыбай Үсіпәлиевтің айтуынша, тергеушілер Айдынға "Нұр Отан" партиясы ғимаратын өртеді деп айып таққан. "Бірақ партия ғимараты өртенген уақытта Айдынның жатақханада болғаны видеоға түсіп қалған" дейді Үсіпәлиев.
Айдын 5 қаңтарда қала әкімдігіне тақау тұратын досының үйіне барып, әкімдік алдындағы алаңнан айқай-шу естілген кезде көпқабатты тұрғын үйдің тасасында тұрып видео түсірген.
– Азамат пен Айдынның видеосын полиция Бекзат Ертаевтың ұялы телефонынан тапқан. Комендант сағаты тәртібін бұзды деп Бекзатпен бірге ұсталған Әмірхан Нұрғановтың түсірген видеосы өз телефонынан табылған. Қазірге дейін осы видеодан басқа ешқандай айғақ-дәлел көрген жоқпыз. Егер митингіде біреуді ұрып-соқса я бірдеңені бүлдірсе, түсінетін едік. Ал болып жатқан оқиғаны қызық көріп барғаны үшін ғана жауапқа тартумен келіспейміз, – дейді директор.
Сайрам балалар үйінде тәрбиеленген Айдын Нұржанов Азамат Жанқожаевпен бірге Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде оқиды. Әкесі жоқ, анасы ата-ана құқығынан айырылған. Ал 19 жастағы Әмірхан Нұрғанов Төле би балалар үйінде тәрбиеленген, қаладағы гуманитарлық қаржы колледжінің 2-курс студенті. Әмірханның әкесі бар, анасы қайтыс болған.
Айдын Нұржанов, Азамат Жанқожаев пен Әмірхан Нұрғанов үшеуі де оқып жүріп қосымша жұмыс істеген. Ұялы телефон сатып, дәмханада тамақ дайындап нәпақа тапқан.
– Полиция іс қозғаған соң Айдынның анасы мен Әмірханның әкесін бірінші рет көрдік. Оған дейін естіген де емеспіз. Әмірхан өзіне әкесінің қорғаушы болуына қарсы болды. Неге екенін ашып айтпады. Үшеуінің де бұған дейін жатақханада бөтен қылығын көрген жоқпыз, ескерту де алған емес. Бөлмелерін таза ұстайды. Оқу орнынан сабағына, тәртібіне байланысты шағым түспеген. Адамдармен тез тіл табысады, – дейді "Жасөспірімдер үйінің" әлеуметтік педагогы Мейрам Қалаубекова.
"ЖАППАЙ ТӘРТІПСІЗДІК" АЙЫБЫН ТАҒУ
Шымкентте жаппай наразылық 4 қаңтарда бейбіт түрде басталды. Куәлердің айтуынша, қаңтардың алтысына қараған күні наразыларға оқ атылған.
Шымкент қалалық денаулық сақтау басқармасының дерегінше, қаңтар оқиғасы кезінде 120-дан аса адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген, солардың арасында 73 адамға оқ тиген.
Прокуратура қаңтар оқиғасында Шымкентте 19 адам мерт болғанын, соның ішіндегі біреуінің кім екенін анықтай алмағанын айтады. Қалған 18 марқұмның аты-жөнін тергеу құпиясына сілтеп жарияламады. Азаттықтың қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған тізімінде Шымкентте мерт болған 13 адамның ғана аты-жөні бар.
10 ақпанда қала прокуратурасы Шымкентте қаңтар дүрбелеңі кезінде 3,5 мыңнан астам адам ұсталғанын мәлімдеді. Соның ішінде 87 адамның үстінен аса ауыр және ауыр қылмысқа жататын баптар бойынша іс қозғалып, 76 адам сот санкциясымен қамауда жатқанын хабарлады.
18 ақпанға дейін прокуратура 26 адамның ісін қайта саралап, қозғалған қылмыстық істі жеңілдетіп, бұлтартпау шарасын өзгертіп, ешқайда кетпеу туралы қолхат алып, қамаудан босатты.
Туыстары биліктің күдіктілердің үстінен "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен айып тағып жатқанына келіспейтінін мәлімдеді.
– Інім қолхатпен үйге шықты. Прокурорлар 272-баппен тергеу жүреді деді. Мен мұнымен келіспеймін, інім ешқандай жазығы жоқ екенін дәлелдеп, ақталып шыққанша шамам келгенше күресемін, – дейді Айжан Тасқұлова.
Азаттық Айдын Нұржанов, Азамат Жанқожаев пен Әмірхан Нұрғановтың ісі бойынша тергеу орындарынан ешқандай комментарий ала алмады.
ПІКІРЛЕР