Ресейден газ импортын азайту үшін Еуропа Одағы (ЕО) Африка елдерімен газ жеткізу саласындағы ынтымақты орнықтыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. ЕО елдері 2022 жылы энергетика саласында Мәскеуге тәуелділігін үштен екі еседей азайтпақ ниетте. Сыртқы энергетикалық өзара әрекеттестікті кеңейтер құжатты Еурокомиссия әлден-ақ, мамырдың аяғында қабылдауы мүмкін. Бұл жөнінде ЕО құжатының жобасына сілтеме жасап Bloomberg хабарлады.
Құжатта Нигерия, Сенегал және Ангола тәрізді Африка елдерінің "сұйылтылған газ саласында іске жаратылмаған әлеуетке айтарлықтай дәрежеде ие" екені айтылған.
Еуропа Одағы сұйылтылған газ импортын жылына 50 миллиард текше метрге, Ресейден бөтен жерден құбырмен тасымалданатын газ импортын 10 миллиард текше метрге ұлғайтпақ ниетте. Құжат жобасында бұл үшін дәстүрлі жеткізіп берушілермен қарым-қатынастарды жаңа шарттар негізінде жолға қою әрі жаңа отын жеткізушілермен сауданы кеңейту керек болатыны айтылған.
Еуроодақ жоспарында бұға қоса 2022 жылы АҚШ-тан қосымша 15 миллиард текше метр сұйылтылған газ тасу және 2030 жылға дейін оның көлемін жыл сайын 50 миллиард текше метрге дейін жеткізу қарастырылған. Сонымен қатар, ЕО Әзірбайжаннан жеткізілетін газды жылына 20 миллиард текше метрге дейін арттырмақ.
Бұған дейін Bloomberg агенттігі Еуропа Одағы билік орындарының жыл аяғына қарай Ресей мұнайына эмбарго жариялауға әзірленіп жатқанын, ал оған дейін біртіндеп импортқа шектеу енгізу ниеті барын хабарлаған. Мәскеуге салынатын жаңа шектеулерді ЕО елдері елшілері ең таяу күндері талқылауды жоспарлап отыр.
- Ресейде бюджет кірісінің тең жартысына дерлігін және экспорттан түсетін табыстың жартысынан астамын мұнай-газ секторы қамтамасыз етіп отыр. Газдың 70 пайызын әрі мұнай мен мұнай өнімдерінің 60 пайызын Ресей нақ осы Еуропаға сатып пайда табады.
- Кремльдің Украинадағы соғысты қаржыландыру мүмкіндігін шектеу үшін Еуроодақ елдерінің көбі Ресейден алатын энергия тасымалдаушы тауарларын азайтуды көздейтін шараларды қабылдап жатыр. Бұлай істеуден тек Венгрия ғана үзілді-кесілді бас тартып отыр.
ПІКІРЛЕР