Accessibility links

Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғандар: Тексеру органдары істі жабуға тырысып жатыр


Қаңтар кезінде азаптауға ұшырадық деген азаматтар Алматы қалалық прокуратура өкілдеріне талаптарын айтып жатыр. Алматы, 6 мамыр 2022 жыл.
Қаңтар кезінде азаптауға ұшырадық деген азаматтар Алматы қалалық прокуратура өкілдеріне талаптарын айтып жатыр. Алматы, 6 мамыр 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасы кезінде "азаптауға ұшыраған" он шақты адам 6 мамырда Алматы қаласы прокуратурасы алдына жиналып, азаптау фактілерінің дұрыс тексерілмей жатқанына шағымданды. Қаңтар оқиғасына қатысты "жаппай тәртіпсіздік жасау" бабы бойынша күдікке ілінген азаматтар прокуратура өкілдеріне бірнеше талап айтты: Қаңтар оқиғасына қатысты істерді әділ тергеу, ұсталғандардың азаптау шағымдарын жан-жақты тексеру, 8 қаңтарда күштік құрылымдардың қалалық ауруханадан жаралыларды "ұрлап әкету" ісін тергеу, азаптау бойынша күдікке ілінген күштік құрылым өкілдерін қамауға алу.

Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғанын мәлімдеген Қосай Маханбаев азаптау фактілерін жабу талпынысы байқалғанын, тергеу изоляторының тіркеу журналынан 13 қаңтарға дейінгі жазбалар ұшты-күйлі жоғалғанын айтып, прокуратура өкілдерінен түсініктеме талап етті.

"Бізді жуырда антикор (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі) шақырып, "сендердің азаптау шағымдарың расталмай жатыр, арыз жазып, істі тоқтатайық, соған келісіңдер" деді. Біз мұнымен келіспейміз" деді жиналғандардың бірі.

Наразылардың кейбірі "өзімізді ұрған азаматтарды танып тұрмыз, көрсеткен күннің өзінде ешкім күдікті ретінде танылмады, қамауға алынбады, әлі күнге дейін қызметінде жұмыс істеп жатыр" деді.

Қалалық прокуратура өкілдері оларды ішке кіруге шақырғанмен ақпарат құралдары кіргізілмегендіктен наразылар залға кіруден бас тартты. Қалалық прокуратура өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартты.

Мекеменің баспасөз хатшысы Бауыржан Тілендинов Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап беруге уәде берді. Әзірге жауап түскен жоқ.

Жәбірленушілер бұған дейін де "Азаптау" бабы бойынша қозғалған істер тергеу барысында дәлелденбей, өздерін қинап-азаптағандар жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін деген күдік айтқан. Қаңтар оқиғасынан кейін қамауда болған жүздеген адам өздерінің азапталғаны жайлы айтып, 234 іс қозғалған. Алайда, әзірге күштік құрылымның тек 9 өкілі күдікті деп танылып, қамауға алынған.

  • Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
  • Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар. Бұған қоса, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны хабарланды. Билік опат болғандардың есімін жарияламады. Халықаралық ұйымдар Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшылардың көмегімен зерттеуге үндегенмен Нұр-Сұлтан ұсынысты кері қайтарған.
  • Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы 5 мамыр күнгі мәлімдемесінде "Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдардың өлімін тергеу ашық жүріп жатқан жоқ, ұсталғандарды азаптау жайлы іс материалдары бір инстанциядан екіншісіне өтіп, баяу қаралып жатыр" деп сынаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG