19 мамырда тіркелмеген "Ел мен Жер" қозғалысының төрағасы, оппозициялық саясаткер Балташ Тұрсымбаев баспасөз мәслихатын өткізіп, саяси партия құратынын мәлімдеді. Партия қозғалыс негізінде құрылады, атауы да "Ел мен Жер" болады.
"Қоғамдық жұмыстан саяси платформаға көшетін уақыт келді" деген саясаткер партия бағдарламасы ауылдарды дамыту, жемқорлықпен күресу, әкім сайлауын енгізу және 1993 жылғы Конституцияны қайтарудан тұратынын айтады. "Негізгі сайлаушымыз ауыл халқы" деген Балташ Тұрсымбаев қазір құрылып жатқан партиялардан басты ерекшелігіміз "ауылдағы жұртшылықпен жұмыс істей алатынымыз" дейді.
"Біз ел мен жерден шыққан азаматтар жұмыс істейміз. Басқа партиялар жалпылама айтып жатыр. "Біз қаланы да, ауданды да, ауылдарды да дамытамыз" дейді. Жай ауыл шаруашылығы деп атайды. Бірақ оны қалай дамыту керегін, халықпен қалай жұмыс жасау керегін, олардың сұрағына қалай жауап беру керегін ешкім айтпады. Асыра сілтеуім мүмкін, бірақ меніңше олардың бағдарламасы облыс орталығынан төмен түспейді" дейді "Ел мен Жер" партиясы бастамашыл тобының мүшесі.
Бейсенбілік жиында "Ел мен Жердің" республика бойынша "60 мың мүшесі бары" айтылды, бірақ ол тұжырымды құптайтын мәліметтер, нақты детальдар айтылмады. Баспасөз жиынының өзін де Балташ Тұрсымбаев жалғыз өткізді. Жиында режиссер Еркін Рақышев келгендерді "партияға кіруге үгіттеп жатты".
Екі жыл бұрын құрылған "Ел мен Жер" қозғалысы осыған дейін жер шетелдіктерге сатылмас үшін "Жер кодексіне" өзгерістер енгізуді талап еткен. Қаңтар дүрбелеңінен соң опат болғандардың қазасына тәуелсіз зерттеу жүргізетін қоғамдық комиссия құрған.
"Партияны кім қаржыландырады?" деген сұраққа тіркелмеген қозғалыс өкілдері "қаражатымыз аз, бірақ қозғалыс мүшелері қолдау көрсетеді деп сенеміз" деді. Олар билік өздерін тіркейді деп үміт білдірді. "Тоқаев Жаңа Қазақстан болады деді. Олар бізді тіркеуге міндетті" деді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгеріс ұсынып, партияларды тіркеу шарттарын жеңілдететінін жариялаған соң түрлі саяси топтар алдағы уақытта партияға айналатынын мәлімдей бастады. "Ел мен Жер" осы апта жарияланған екінші партия. 16 мамырда кәсіпкер Болат Әбілов "Біздің таңдау" деген саяси партия құратынын, Жаңаөзен қантөгісі мен Қаңтар көтерілісін, саясаткерлер Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлы мен өзге де саяси астары бар кісі өлімдерін қайта зерттеуді қолға алатынын айтқан. Қазақстанды Ресейге тәуелді ететін одақтардан шығуды көздейміз деген.
Қарай отырыңыз: «Біздің таңдау» партиясы құрылмақ. Болат Әбілов нені көздейді? (16 мамыр 2022 жыл).
Бұған дейін Әділет министрлігі "Алға Қазақстан" оппозициялық партиясын құру бастама тобының құжатын тіркеуден бас тартқан. Министрліктің ресми жауабында “Саяси партиялар туралы” заңның 8-бабына сәйкес бастамашыл топ тізімінің заңға сәйкес еместігі айтылған. Бірақ нақты түсініктеме берілмеген.
Шыңжаңда қуғын көрген қазақтардың құқығын қорғаумен айналысатын "Нағыз Атажұрт" ұйым өкілдері де (олар өздерін "Нағыз Атажұрт еріктілері" деп те атайды) таяуда саяси партия құратынын мәлімдеді.
Әділет министрлігі тіркеуден бас тартты деп есептейтін "Қазақстанның демократиялық партиясының" жетекшісі Жанболат Мамай өзіне қозғалған екі қылмыстық іс бойынша ( “билік өкілін қорлау” және “жалған ақпарат тарату”) қазір қамауда отыр. Оның жақтастары тағылған айыптың саяси астары барын айтады.
Әділет министрлігінің мәліметінше, қазір “Ел тірегі”(Нұржан Әлтаев),”Намыс” (Санжар Боқаев), “Байтақ” (Азаматхан Әміртай) және “Халық дербестігі” (Жұматай Әлиев) тіркелудің бірінші кезеңінен өткен. 2019 жылы президентікке қазақ тілінен көп қате жіберіп, өте алмаған Жұматай Әлиевтің “Халық дербестігі” партиясы 20 мың адам қол жинап, съезін өткізген. Бірақ бұл партия туралы ашық ақпарат көзінде ешқандай мәлімет жоқ.
ПІКІРЛЕР