Шыңжаңда қуғын көрген қазақтардың құқығын қорғаумен айналысатын "Нағыз Атажұрт" ұйым өкілдері (олар өздерін "Нағыз Атажұрт еріктілері" деп те атайды) саяси партия құратынын мәлімдеді. Ұйым өкілдері 12 мамырда Алматыда ұйымдастырған баспасөз жиынында осылай деді. Бұл шараға шамамен 60 шақты адам қатысты.
"Ондағы мақсатымыз - халқымыздың әдет-ғұрпына, өткен және бүгінгі тарихына, тілдік ерекшелігімізге, ұлттық санамызға негізделе отырып, жаңа әділ демократиялық саяси жүйе қалыптастыруға белсене араласу" деді ұйым мәлімдемесін оқыған "Нағыз Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлы.
Ол Шыңжаңдағы туыстарын қайтара алмай отырған азаматтардың мәселелері әлі күнге дейін шешілмей отырғанын алға тартып, Қазақстан билігін сынады. "Қаңтар қырғыны қазіргі билікке Қазақстан азаматтарының тағдыры түкке тұрғысыз екенін көрсетті, мұны санамызбен түйдік... Қазақстанда заң институттары түзелмей, әділет үстемдік құрмай, шетел қазақтарының мәселесін шешу мүмкін емес екенін ұғындық" деді партия құру туралы шешімін түсіндірген ол.
Осыған дейін ресми тіркеуде кедергіге ұшырағанын мәлімдеген ұйым өкілдері саяси партия құруда да оңай болмайды деп санайды. Бекзат Мақсұтханұлының айтуынша, олардың әзірге партияны тіркеуге құжаттары дайын емес.
"Әуелі қол жинаймыз. Бізді ешкім қаржыландырмайды. Халық көмегіне үміт артамыз" деді Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап берген Бекзат Мақсұтханұлы.
Жиынға келгендер арасында өңірлерден келгендер де болды.
Жиын барысында ұйымның бұрынғы жетекшісі, қазір АҚШ-та тұратын белсенді Серік Біләш видеоүндеу жасады. Ол “Қытай билігі жергілікті қазақтардың көшіп-қонуына еркіндік беріп, қуғын көргендерді босатуы керек” деді. Қазір Шыңжаңнан аздаған топтың елге орала бастағаны қуантады, бірақ ол аздық ететінін айтты.
“Егер Қытай билігі қазақтарды қудалауды бүгін тоқтатса, біз күресімізді ертең тоқтатуға уәде береміз” деді Біләш.
- 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын байырғы ұлт өкілдері қысымға ұшырай бастаған, олардың арасында қазақтар мен қырғыздар да бар. Қытай билігі мұсылмандарды жаппай ұстап, жергілікті жұрт "саяси тәрбиелеу лагері" деп атаған жерге қамап, қытай тілін үйренуге, Компартияның ұрандарын жаттауға мәжбүрлеген. Мұсылман дінін ұстанатын адамдар ұзақ жылға сотталған.
- АҚШ пен Батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдерін қудалауын қатаң айыптап, кейбір компаниялар мен шенеуніктерге санкция салған. Ал Пекин Шыңжаңның байырғы ұлт өкілдерін қудалап отырғанын жоққа шығарады және қамау орындарын "саяси қайта тәрбиелеу және кәсіпке баулу орталығы" деп атайды. Қытай билігінің айтуынша, олар осы арқылы аймақтағы радикализммен және терроризммен күресіп жатыр.
- Қазақстанда бірнеше жылдан бері ондаған адам биліктен Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруға көмектесуін сұрап келеді. Кейбірі былтырдан бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында үздіксіз наразылық өткізіп жүр. Бір жылдан астам уақыт аралығында консулдықтан наразыларға ешкім шыққан жоқ.
- Былтыр наурыз айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартқан.
- Қазақстанда заң бойынша партия құру үшін бастама тобы құрылып, 20 мың адамның қолы керек. 16 наурызда парламентте жариялаған жолдауында Қазақстан презиенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси партияларды тіркеу процесі жеңілдейтінін мәлімдеген. Партиялар үшін қарастырылған тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендетіліп, өңірлердегі өкілдердің саны 200 адам болатынын айтқан. Ал партия құру үшін бастамашыл топтың саны да ең кемі 1000 адамнан 700-ге дейін азайтылады деген. Дегенмен кейбір саяси сарапшылар мәселеге скептицизммен қарайды.
ПІКІРЛЕР