Accessibility links

Қытай елшісі Шыңжаңда қамалған қазақтардың "Қытай азаматы" екенін және "заң бұзғанын" айтты


Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев (оң жақта) пен Қытай елшісі Чжан Сяо Нұр-Сұлтанда кездесіп отыр. (Сурет СІМ Facebook парақшасынан алынды).
Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев (оң жақта) пен Қытай елшісі Чжан Сяо Нұр-Сұлтанда кездесіп отыр. (Сурет СІМ Facebook парақшасынан алынды).

Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев пен Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Қытайда туыстары қалып қалған қазақстандықтардың арыз-шағымдарын талқылады. Бұл туралы 15 наурызда Қазақстан СІМ ресми сайтында ақпарат жарияланды. Хабарлама мерзіміне қарағанда, кездесу 12 наурызда өткен.

"Маңызды тақырыптар арасында тараптар Қазақстан азаматтарының Қытайда тұратын туыстарымен қайта қосылуларына жәрдемдесу туралы өтініштерін талқылады. Елші Чжан Сяо өтініш білдіргендердің туыстары Қытай азаматтары екенін және ел заңнамасын бұзғандықтан жазаларын өтеп жатқанын хабарлады" делінген министрлік хабарламасында.

Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров Азаттыққа "кездесуден соң Қытай тарапымен халықаралық құқық қағидаттарына сай, консулдық қызметтер желісі бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келістік" деді.

Қытайдың Шыңжаң аймағында қалған туыстарын іздеген қазақстандықтар бірнеше жылдан бері Қазақстанда жиын өткізіп, пикеттерге шығып, туыстарына араша сұрап келеді. Солардың бірі Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында 8 ақпаннан бері жалғасып жатыр. 15 наурызда жергілікті полиция Қытайдағы туыстарын қайтаруды талап еткен наразыларды консулдық маңынан тосып алып, акция орнына жібермей қойды. Бұдан кейін олар үйлеріне тарап кетті. Бірақ наразылар акцияларын тоқтатпайтынын айтып отыр.

Бұл азаматтар осыған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігінен "Қытайда қамалғандар - Пекиннің ішкі ісі, оған араласа алмаймыз" деген жауап алған. Ал Қытай консулдығы оларға жауап бермеген еді.

Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалғанын айтса, кейбірі "негізсіз айыптармен" ұзақ жылға сотталғанын, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан.

СІМ өкілінің айтуынша, қазір Қазақстан мен Қытай арасында "туыстарымен қосыла алмай жүрген 5-6 адамның мәселесі бар, бірақ олардың мәселесін шешу ұзаққа созылуы мүмкін" деп мәлімдеген. Дегенмен наразылардың айтуынша, Қытайда "негізсіз айыптармен" қамалған немесе сотталған, Қазақстанға келе алмай отырғандар одан әлдеқайда көп.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG