14 сәуірде Алматы соты Қытай консулдығы алдында ұсталып, "Билік өкіліне қарсылық көрсетті" деп айыпталған азаматтық белсенді Байболат Күнболатұлына 61 260 теңге (20 АЕК, 135 доллар) айыппұл салды. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің өзі хабарлады.
Өткен апта соңында Шыңжаңда туыстары қамалған бір топ адам Алматыдағы Қытай консулдығы маңында наразылық өткізіп, ізінше ұсталған. Сол кезде полицияның наразыларға, белсенді Байболат Күнболатұлына да "күш қолданғаны" хабарланған еді. Әкімшілік іс осы оқиғадан кейін қозғалған.
– Алматыдағы Қытай консулдығынан Медеу аудандық полиция бөліміне кептелісте тұрып жеткенше полицей 20 минуттай мойнымды білегімен қатты қысып, қылқындырып алып келді. Тіпті ауа жетпей қалған кезде қатты тулап, босатуын сұрап үш рет айқайладым. Бірақ полиция одан ары қыса түсті, – деп сипаттайды Күнболатұлы сол күнгі жағдайды.
Белсендінің әлеуметтік желідегі эфирінде Күнболатұлының денесі жырылғаны, қолында жарақат іздері бары көрінеді.
Медеу аудандық полиция басқармасының басшысы Медеу Өтеубаев белсендінің жазбасына Күнболатұлы мен тағы үш адамның «Бейбіт жиындар өткізу тәртібін бұзғанын», полиция «құқық бұзушыларды полицияға жеткізілген кезде Күнболатұлы белсенді физикалық қарсылық көрсеткенін» жазған. Осы жағдайдан соң полиция билік өкіліне бағынбау дерегі бойынша іс қозғаған.
Полиция белсендіні 14 сәуір күні сағат 10:00-да «іспен танысуға» шақырған. Күнболатұлының Азаттыққа айтуынша, Медеу аудандық полиция бөлімшесінде жеті сағаттай болған. Оны әуелі тергеп, артынша онлайн сот өткен.
— Үкіммен келіспеймін. Менің Қытай консулдығы алдына барып, оның геноцид саясатына қарсылық білдіруім заңсыз емес. Полиция бізді заңсыз ұстайды. Оған көнбесең, мінекей, айыппұл салады. Бұл айыппұлды төлеу маған өте қиын. Алматыда бір күн жұмыс істемеген адам аш қалады. Ал мен інімді босатуды сұрап, наразылыққа шығып жүргеніме екі жыл болды. Қазір жағдайымыз өте қиын. Балаларымды ақшасын төлемегенім үшін балабақшадан шығарды, коммуналдық төлемдерге қарызым жарты миллионға жуықтайды, — дейді Күнболатұлы.
- Қытайдың Шыңжаң өлкесінде "жазықсыз қамалған немесе бостандығы шектелген" туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап еткен топ 2021 жылдың адам ақпан айынан бері Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында наразылық акциясын өткізіп келеді. Олардың акция өткізгеніне 425 күннен асты. Бұған дейін олар полиция қысымына байланысты наразылықты көлік ішінде өткізуге мәжбүр болған.
- Наразылар бұған дейін "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, жалпы сомасы төрт миллион теңгеге дейін айыппұл төлеген. 15 күнге қамалған кездері де болды.
- Бір жылдан астам уақытқа созылған акциялар кезінде Қытай консулдығынан наразылар алдына ешкім шықпады. Жергілікті полиция наразы топты консулдық маңына жібермей, аумақты көлікпен бақылап келеді.
- Былтыр наурыз айында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандардың "Қытай азаматы" екенін және олардың "Қытай заңын бұзғанын" айтқан. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі "өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайтынын" алға тартып келеді.
- Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптаған. Пекин мұны жоққа шығарған.
ПІКІРЛЕР