АҚШ бизнесмені және филантроп, "Ашық қоғам" қорының негізін салушы Джордж Сорос Дүниежүзілік экономикалық форумдағы сөзінде Владимир Путинге Украина жерінде тезірек соққы беруге шақырды. Оның сөзінше, "бұл – өркениетті қорғап қалудың ең дұрыс жолы және жалғыз мүмкіндігі болуы мүмкін".
Сорос Украинадағы соғысты "Батыс елдерінің "ашық қоғамы" мен Ресей мен Қытай сияқты елдер кіретін "жабық қоғам" арасындағы қақтығыстан туатын Үшінші дүниежүзілік соғыстың бастауы болуы мүмкін" деп сипаттады.
"Мемлекет ашық қоғамда жеке адамның бостандығын қорғайды, жабық қоғамда жеке адамды өзінің мүддесіне қызмет еткізеді" дейді Сорос.
Бизнесменнің ойынша, кейінгі 20 жылда әлемде авторитарлық тенденция күшейген, өйткені "жабық қоғам" қазіргі заманғы технологияға қызмет ете бастаған.
Джордж Соростың пікіріне қарағанда, "адамзаттың алдында тұрған өзге проблеманың бәрі, мысалы, климат өзгерісіне байланысты проблема да кейінге ысырылып қалған. Әйтпесе тек авторитарлық тенденциялар ғана емес, климат өзгерісі де әлемдік өркениетке үлкен кесірін тигізеді".
Соростың пікірінше, Қытай Владимир Путиннің соғысқа дайындалып жатқанын білген. Оның сөзінше, "Путин Украинаның орыстілді халқы Ресей әскерінің алдынан гүл алып шығады" деп есептеген, бірақ олай болмаған. Киев түбіндегі жеңілістен соң Путин жоспары өзгерген". Сорос Буча қырғынын еске алып, Мариупольді қоршауға генерал Владимир Шаманов жетекшілік етті деген болжам айтты (бірақ оның неге сүйенгені белгісіз). Соростың ойынша, қазір соғыс Ресей әскерінің көптігі ықпал ететіндей жағдайда тұр, бірақ Украинаның қарсылық көрсететін мүмкіндігі бар.
Соростың айтуынша, Владимир Путин есебінен жаңылғанын қазірдің өзінде түсінген, енді келісім іздей бастауы мүмкін, бірақ қазіргі жағдайда онымен келісімге келу мүмкін емес, өйткені "Путинге сенім жоқ".
Давостағы форум биыл алғаш рет көп жылдан бері Ресей өкілдерінсіз өтіп жатыр. Форумдағы негізгі тақырыптардың бірі – Украинадағы соғыс. Форум жұмысына Украина президенті Владимир Зеленский видеобайланыспен қатысып отыр. Сәрсенбі күні ол Мәскеумен бейбіт келіссөз мүмкіндігі жайлы ой-пікірін тағы да айтты. Украина президентінің сөзінше, Ресей әскері 24 ақпандағы орнына шегінсе ғана, онда да тек Путинмен келіссөзге отыруы мүмкін.
Ресей билігі мен кремльшіл комментаторлар Соросты Ресейге зарар келтіруді көздейтін "русофоб" деп есептейді. Сорос қоры Ресейде 1990 - 2000 жылдар арасында жұмыс істеген. Оның "Ашық қоғамы" Ресейде "керексіз ұйым" деп танылған.
ПІКІРЛЕР