Accessibility links

Қазақстан даму банкі Назарбаевтың қамаудағы туыстарының компанияларына несие бермеді


Қайрат Боранбаев.
Қайрат Боранбаев.

Қазақстан даму банкі (ҚДБ) экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаевқа тиесілі холдингтің қонақ үй кешендері мен SPA-орталықтары жобасын қараудан бас тартты, деп хабарлады Кursiv.media.

2021 жылдан бері ҚДБ несиесінен үміткерлер тізімінде Medeu Park Hotel компаниясы да болған, алайда осы аптада банк бұл жобаны тізімнен алып тастаған. Банк бұның себебін "индикатив анализге қажетті құжаттар тапсырмады" деп түсіндірген.

Кursiv.media мәліметінше, Боранбаев қонақ үй кешені қаражатының үштен екісін Medeu Park Hotel компаниясы арқылы Қазақстан даму банкінен алуды көздеген.

Былтыр Алматыда өткен инвестиция форумында Medeu Park Hotel компаниясының қаржы директоры Арман Рамазанов ҚДБ-тен 10- 12,5 миллиард теңге алуды жоспарлағанын айтқан.

Кursiv.media дерегінше, совет заманындағы ескі "Медеу" қонақ үйі сүріліп, оның орнына үш қабатты ғимарат салына бастаған. Ол Medeu Park Hotel 2022 жылғы желтоқсанда ашылады деп жоспарланған. Алайда нысан паспортындағы ақпаратта құрылыс 2024 жылғы наурызда аяқталатыны жазылған.

Боранбаевқа тиесілі тағы бір компания өтінішін Қазақстан даму банкі қабылдамады, деп хабарлады басылым. Бұл компания Бутаковка шатқалында Butakovka Wellness&SPA сауықтыру кешенін салуды көздеген. Құрылысқа 13 миллиард теңге қажет. Қаражаттың бір бөлігін компания Қазақстан даму банкінен алғысы келген, деп жазды Кursiv.media.

Қайрат Боранбаев — экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы. Оны қазақстандық Forbes елдегі ықпалды бес кәсіпкер қатарына енгізген.

Қазақстанда Боранбаевқа "аса ірі көлемде ақша жымқырды" деген күдікпен биыл наурыз айында ұсталды. Содан кейін оның Алматыдағы паркингтерді басқаратын екі компаниясы Алматы әкімдігіне қайтарылды. Бұған қоса, Боранбаевтың Қарағанды фармацевтика кешені сәуір айында ресейлік "Спутник V" вакцинасын шығаруды доғарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG