Кремль Украинаның Қара теңіздегі порттарын бұғаттан босатып, Украинаның астық экспортын қайта жаңғыртуына мүмкіндік беремін десе де, АҚШ-тың Ресейге салған санкциясын қайта алар ойы жоқ. Бұл жөнінде АҚШ шенеунігіне сілтеме жасаған Politico хабарлады. АҚШ шенеунігі Ресей мәлімдемесін "дипломатиялық бопса" деп атаған.
АҚШ президенті әкімшілігінің қызметкерлері мен АҚШ заң шығарушылары "азық-түлік дағдарысын еңсеруге көмек көрсетуге дайынбыз" деген Ресейдің мәлімдемесіне күмәнмен қарайды. Айдахо штатының сенаторы Джеймс Риш астық экспорты мәселесін шешу үшін Мәскеудің "санкцияны алып тасау керек" деген талабын "бопса" деп атады.
Вашингтон Қара теңіз арқылы астық экспортын қайта жандандыру жөнінде БҰҰ мен Түркияның Ресеймен жүргізіп жатқан келіссөзін мұқият бақылап отыр. Басылым дереккөзінің сөзінше, АҚШ Кремльге жасалған экономикалық қысымды әлсірететін келісіммен келіспейді.
Politico басылымы сөйлескен БҰҰ өкілінің сөзінше, астық экспортын санкцияны алып тастаумен байланыстыру мәселесі Мәскеумен онсыз да әрең жүріп жатқан келіссөзді күрделендіре түседі.
Кремль БҰҰ мәліметіне сүйеніп, азық-түлік тасымалының тапшылығы миллиондаған адамға аштық қаупін төндіреді деп санайды, оны "Батыс елдерінің экономикалық және қаржылық қате саясатының салдары және Ресейге салынған санкциялардың әсері" деп біледі.
БҰҰ Украина астығын тасымалдауға Ресей әскерінің Украина порттарын бұғаттағаны кедергі болып отыр деп мәлімдеген. Ресей президенті Владимир Путин "Россия - 24" телеарнасына берген сұқбатында бұл мәлімдемені "сандырақ" деген. Ол Киев теңіз жағасын минадан тазартатын болса, Қара теңіз порттарынан Украина кемелерінің астық алып өтуіне кепілдік беретінін мәлімдеген.
Бұған дейін Италия премьер-министрі Марио Драгимен телефон арқылы сөйлескен Владимир Путин, егер Батыс Ресейге салған санкциясын алып тастайтын болса, әлемдегі азық-түлік дағдарысын еңсеруге Ресей елеулі үлес қосады деген болатын.
Оған жауап қатқан АҚШ мемлекеттік департаменті санкциялар Ресей ауыл шаруашылығы өнімдері мен тыңайтқыштарына әсер етпейтіндей етіп салынғанын, сондықтан оны тасымалдауға да кедергі жоғын айтқан.
Ресей мен Украина әлемде астық өндіретін елдердің алғашқы бестігіне кіреді. Ресей әскері Украинаға басып кірген соң азық-түлік бағасы күрт қымбаттай бастаған
ПІКІРЛЕР