Ресей Украина портын бұғаттау арқылы астық пен өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға мүмкіндік бермей, әскери қылмыс жасап отыр, соның салдарынан әлемнің кейбір елдерінде аштық болуы мүмкін. Бұл сөзді Еуропа одағының шетел істері жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель айтты.
"Сіздер аштыққа ұшыратуды соғыс құралы ретінде пайдалана алмайсыздар. Әлемнің түкпір-түкпірінде миллиондаған адам аштық зардабын тартып жатқанда, Украинада миллиондаған тонна астық бұғатталып тұр. Бұл - нағыз әскери қылмыс. Мұның соңы қандай жағдайға жеткізерін айта алмаймын", — деді Боррель Брюссельде өткен Еуропа одағы елдері сыртқы істер министрлерінің отырысында.
New York Times газеті бұл сөзді Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Батыс лидерлері айтқан ең қатаң сөздің бірі деп атады. Ресей Украина астығын экпорттауға кедергі жасап отырғанын мойындамайды. Украина президенті Владимир Зеленский дүйсенбіде Африка одағы елдерінің лидерлеріне жолдаған үндеуінде "Ресей Украинаға басып кіріп, әлемді азық-түлік тапшылығына ұшыратты" деген. "Егер Ресей Украинаға соғыс бастамаса, нарықта азық-түлік тапшылығы болмас еді", — дейді Зеленский.
Сарапшылар Украина астығы мен өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының бұғатталуы әлемде азық-түлік бағасын шарықтатты деп санайды. БҰҰ Украинадан астық әкетуге Ресей әскерінің Украина порттарын қоршап тұрғаны кедергі болып отырғанын мәлімдеді.
Владимир Путин "Украина астық сатып, тапқан пайдасын Батыстан қару-жарақ сатып алуға пайдалануы мүмкін" деп санайды. Бұрын Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров та осыған ұқсас пікір айтқан. Олар сөздерін растайтын ешбір мәлімет көрсетпеген.
Владимир Путин Италия премьер-министрі Марио Драгимен телефонмен сөйлескенде "егер Батыс санкциясын алып тастайтын болса, онда Ресей әлемдегі азық-түлік дағдарысын еңсеруге елеулі үлес қоса алатынын" айтқан.
АҚШ мемлекеттік департаменті оған жауап қатып, АҚШ санкциясы Ресей астығы мен тыңайтқыштарын экспорттауға мүмкіндік беретіндей етіп жасалғанын, сондықтан бұл мәселеде Ресейге кедергі жоғын хабарлаған.
Ресей мен Украина әлемде аса ірі көлемде астық өсіретін алғашқы бес ел қатарына кіреді. Ресей әскері Украинаға басып кірген соң әлемде азық-түлік күрт қымбаттай бастаған.
БҰҰ Украина астығына тәуелді кейбір елдерде, әсіресе Африкада аштық болуы мүмкін екенін ескерткен.
ПІКІРЛЕР