Accessibility links

Хатшы болдым, мінеки. Журналистердің мекеменің баспасөз қызметіне әуестігіне не себеп?


БАҚ өкілдері Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтан сұхбат алып тұр. Нұр-Сұлтан, 2 наурыз 2022 жыл.
БАҚ өкілдері Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтан сұхбат алып тұр. Нұр-Сұлтан, 2 наурыз 2022 жыл.

Мемлекеттік мекемелер мен жеке компаниялар бұқарамен байланыс үшін коммуникация мамандарын жалдайды. Халықаралық тәжірибеде бұл мамандар PR немесе коммуникация бөлімдерінде даярланса, Қазақстанда бұл жұмысқа көбіне журналистерді тартады. Сарапшылар бұл үрдіс екі салаға да кесірін тигізеді дейді. 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнінде Азаттық журналистер мен коммуникация мамандарына осы жөнінде сұрақ қойып көрді.

ЕКІ БӨЛЕК МАМАНДЫҚ

Бұқарамен жұмыс істеу қызметі түрлі атауға ие. Мемлекеттік органдарда ол лауазым басшының БАҚ-пен жұмыс істеу жөніндегі кеңесшісі, баспасөз хатшысы, қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі не қызметкері деп аталып жүр. Бірақ атаудың қалай болғанына қарамастан, жұмыстың мәні бір. Бұл мамандар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз мекемесінің жұртпен байланысын жақсартуды көздейді. Бұқаралық ақпарат құралы дегенде тек теледидар мен газет қана емес, мекеме сайты, жарнама парақтары, ұялы телефон хабарламасы, әлеуметтік желі – барлық байланыс құралы пайдаға жарай береді. Бірақ Қазақстанда мамандықтың осы бір тұсын сөзбе-сөз түсіне ме, бұқарамен байланыс жұмысына көбіне БАҚ қызметкерлерін шақырады. Журналистикадан қоғаммен байланыс саласына ойысып жатқандардың көптігіне қарасақ, тілшілер де осы бір жұмысты құп көретіндей.

Мәселен, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мемлекеттік қызметке ауысқанға дейін "Алматы", "Қазақстан", "Хабар" телеарналарында тележүргізуші, продюсер болған. Ал Желдібайға дейін хатшы қызметін атқарған Берік Уәли де танымал журналист болған. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жақында тағайындалған баспасөз хатшысы Нұрбек Әмиша да журналистикадан келді. Осы секілді мысалдарды республикалық және аймақтық деңгейден тоқтаусыз келтіре беруге болады. Бұл тренд жеке сектордан да байқалады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың парламент мінберінен жариялаған халыққа жолдауын Қазмедиа орталығында тыңдап отырған журналистер, Нұр-Сұлтан, 1 қыркүйек 2021 жыл. Көрнекі сурет.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың парламент мінберінен жариялаған халыққа жолдауын Қазмедиа орталығында тыңдап отырған журналистер, Нұр-Сұлтан, 1 қыркүйек 2021 жыл. Көрнекі сурет.

Бірнеше жыл тілші болып, кейін Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған Дана Саудегерова журналистің бұқарамен байланыс саласына ауысып, ол жақта да озық маманға айналғанына мысал көп екенін айтады. Бірақ екі мамандықтың елеулі айырмашылығы бар дейді. Қазір фрилансер болып жұмыс істейтін Саудегерова әкім кеңесшісі болардың алдында Нью-Йорктегі Колумбия университетінде коммуникация мамандығы бойынша магистратура бөлімін тәмамдаған.

– Журналист пен коммуникация маманы атқаратын жұмыстың айырмашылығы көп. Бірақ мен үшін ең үлкен айырмашылық – стейкхолдерлердің (тараптардың) санында. Журналистің жалғыз стейкхолдері бар. Ол – оқырман, не көрермен, не тыңдарман. Ал пиаршы ұйымның имиджін қалыптастыруда көптеген тараптың мүддесін ескеруі қажет. Мемлекеттік секторды мысалға алсақ, ондағы тараптарға тұрғындар, қоғамдық бірлестіктер, салалық ассоциациялар, үкімет, президент әкімшілігі, тіпті БАҚ-тың өзі кіруі мүмкін. Басқаша айтқанда, журналист мақала жазғанда, не сюжет әзірлегенде тек оқырман мен көрерменге бағдар алады. Ал коммуникация маманы баспасөз хабарламасын жазарда не қандай да бір шара ұйымдастырарда көптеген тарапты назарға алады. Экология белсенділері қалай қарайды? БАҚ қай сөзді іліп әкетеді? Үкімет пен президент әкімшілігінің ұстанымына қайшы келмей ме? Пиаршы осы сұрақтың бәрін назарда ұстауы тиіс дейді, – дейді ол Азаттыққа.

Медиа тренер әрі журналист Жұлдыз Әбділда да кейінгі уақытта журналистердің абырой-беделі азайғанын, қоғамдағы салмағы жоғала бастаған соң, көп журналист баспасөз хатшысы қызметін жаңа саты көретінін айтады.

Баспасөз хатшысының жауапкершілігі көп, ол кризис коммуникация сияқты салаларды жақсы меңгеруге тиіс.

– Бізде журналистика дейтін журналистика да қалмады. Осыдан жиырма жыл бұрын ақпарат алу да, тарату да, журналистика да мүлде басқа деңгейде еді. Журналистердің кәдімгідей үні болды. Қазір олардың қандай салмағы бар? Сондықтан көбі эфирге шығып, жұртқа танылғаннан кейін ақшасы жақсы, әлеуметтік қамсыздандыруы бар хатшылыққа ауысуды ойлайтын сияқты. Кейбірі үкімет үйіне кіріп-шыққанды дәреже санап, министрліктегі оныншы адам болудың өзін мәртебе көруі мүмкін. Яғни, мұнда билік бар деп ойлайды, – дейді ол.

Ол журналистердің басым көпшілігі баспасөз хатшылығын оңай жұмыс көретініне назар аударады. Хатшылардың көбі өз саласын жіті білмейтіндіктен, мекемелердің қоғаммен байланыс мәселесінде біршама кемшіліктер бар дейді.

– Журналист өз жұмысына ғана жауап береді, ал хатшының жауапкершілігі көп қой. Ол кризис коммуникация сияқты салаларды жақсы меңгеруге тиіс. Ал бізде көбі журналист кезінде шыққан атын жамылып, өз міндетін сол күйі түсінбей кететін сияқты. Өйткені көп тілшінің хатшылыққа ауысқанда бірден шенеунік болып кететінін байқаймын. Өзі журналистің күйін кешіп көрсе де пресс-релиз тілімен сөйлеп, кризис жағдайда басу айтумен ғана шектеледі, – дейді Жұлдыз Әбділдә.

"ТІЛШІЛЕР ЖУРНАЛИСТИКАМЕН АЙНАЛЫСҚАН КЕЙІП ТАНЫТУДАН ШАРШАЙДЫ"

Қазақстан тәуелсіздік алған 1990 жылдардан бері "Хабар", "Стан" телеарналарында тележүргізуші, "Эпоха" газетінің редакторы болған журналист Асылбек Абдулов тілшіліктен хатшылыққа ауысу үрдісі "біздің буыннан басталса керек" дейді.

Әріптестері 2000 жылдары баспасөз қызметіне, қоғаммен байланыс саласына ауыса бастағанын айтқан журналист оның басты себептердің бірі ретінде елде қалыптасқан саяси жүйені атады.

– Журналистиканы музыкамен салыстыруға болады. Музыкада 7 нота бар. Арасында бемолі мен диездері бар. Музыкант үшін бұлардың ешқайсына тыйым салынбаған. Ал журналист 7 нотасы болса да, еркін шығармашылықпен айналыса алмауы мүмкін, себебі оның ноталары шектеулі. Мысалы музыкантқа "ля минорды" басуға тыйым салсаң, шығармасы қисық шығады ғой. Тура сол сияқты тілшілер де журналистикамен айналысқан кейіп танытудан шаршайды. Олар хатшылықты бұл жүктен арылудың жолы көрсе керек, – дейді Асылбек Абдулов.

Тоқаев та, Смаилов та журналистерге неге ашық емес?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

"ӨЗ ИМИДЖІН ЖУРНАЛИСТІҢ БЕДЕЛІ АРҚЫЛЫ ҚОРҒАУҒА ТЫРЫСАДЫ"

Азаттық сөйлескен мамандар бір ауыздан елде коммуникация мамандары тапшы екенін, жоғары оқу орындарында бұл мамандықты оқытатын бағдарлама аз екенін айтады.

Дегенмен АҚШ-тағы Мичиган мемлекеттік университетінде журналистика бойынша білім алған Жолдас Өрісбай мемлекеттік мекемелердің журналистерді жұмысқа алуының тағы бір себебі бар дейді.

– Бізде бұл жағдай маман тапшылығынан туындаған болуы мүмкін. Дей тұра, биліктегі азаматтар медиа нарығында көзге түскен журналистерді тартады. Себебі оның белсенділігі, оның танымалдығы, ертең оған да пайдасын әкеледі. Өз имиджін солардың беделі арқылы қорғауға тырысады. Оның үстіне өзін сынайтын журналистер санын бір адамға азайтады, – дейді ол.

Алматыда өткен аймақтық медиа форумда отырған журналистер. Көрнекі сурет.
Алматыда өткен аймақтық медиа форумда отырған журналистер. Көрнекі сурет.

Кейде журналистер бұқарамен байланыс саласында жұмыс істеген соң, бастапқы кәсібіне оралып жатады. БАҚ саласында танылып, кейін президент баспасөз хатшысының орынбасары болған Есей Жеңісұлы мұны заңды құбылыс деп санайды.

– Басшылардың өзі көрініп жүрген, аузында сөзі бар, жұрт алдында сүйкімді адамды таңдағысы келеді ғой. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бұл да – елге қызмет көрсету. Кейбірі мұны мәртебесінің өсуі деп түсінеді. Кейбірі одан әрі өсіп әкім не жоғары лауазымды қызметкер болып кеткісі келеді. Мүмкіндік туды, осы жерге шақырып жатса еңбегім сіңгені шығар деп ойладым. Бірақ журналистикамен айналысуда өрісім тарылып, жұмыс істей алмай кетіп қалдым. Бұдан еш арланбаймын, – дейді ол.

Ал Жолдас Өрісбай журналистикадан баспасөз қызметіне бір кеткен адамның оралған кезде тәуелсіздігі мен объективтілігін сақтап қалуы қиын екенін айтады.

– АҚШ-тың бұрынғы президенті Ричард Никсон кезінде Ақ үйден хабар тарататын журналистерді түрлі шараға шақыратын. Мәселен, олармен гольф ойнайтын болған. Қазір бұлай жасауды құп көрмейді. Беделді басылымдар журналистерін өздері жазатын адамдармен қатты жақындаспауға шақырады. Себебі жақындасқан адамның оларға жанашырлығы оянып, кем-кетігін бүркемелеп қоюы ықтимал. Сол секілді біздегі журналистер PR саласына ойысып, үкіметтегі адамдармен жақын жұмыс істеген соң, кәсібіне оралғанда өз міндетін дұрыс атқаруы қиын. Үкіметте тығыз қарым-қатынаста болған адамдарға қарсы объективті зерттеу жүргізе алмайды, – дейді ол.

Сөз бостандығын талап еткен журналиcтер митингісі. Алматы, 25 маусым 2022 жыл.
Сөз бостандығын талап еткен журналиcтер митингісі. Алматы, 25 маусым 2022 жыл.

Бұл жағдай келешекте дұрыс бағытта өзгереді деп үміттенетіндер де бар. Журналист Асылбек Абдулов журналистикадан хатшылыққа көшу үрдісі жаңа буынның келуімен тежелетінін айтады.

– 1995 жылдан кейін туған жас журналистердің легі бұл тенденцияны жалғастырмайды, өйткені олар – ақпарат дәуірінде, жаһандану кезінде туған балалар. Олар шетелде өзімен қатар журналистер қалай жұмыс істейтінін біледі, яғни журналистиканы саналы түрде таңдағандар. Олардың бұрынғы сүрлеумен жүре беруі екіталай, – дейді ол.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанды сөз бостандығы шектелген мемлекеттер қатарына қосады. 2022 жылғы сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 122-орында тұр. Ұйым зерттеушілері Қазақстан билігі ақпарат құралдарын бақылауда ұстауға тырысатынын, журналистер құқығы қорғалмайтынын айтады.

28 маусым Қазақстанда БАҚ қызметкерлері күні ретінде атап өтіледі. Билік бұл күні билікшіл БАҚ журналистеріне түрлі сый-сыяпат беріп, мадақтайды. Ал тәуелсіз журналистикамен айналысып, билікке сын айтқан журналистерді қудалау елде әлі күнге дейін кездеседі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG