Қаңтарда оққа ұшқан жақындарын ақтауды және оқиғаны әділ тергеуді талап еткен топ 14 шілдеге қараған түні Ақорда маңында тағы қонып шықты. Олардың ашық аспан астында қонып жүргеніне үш күн болды. Бір күн бұрын Ақордаға бармақ болған кезде полиция оларды бөгеп, Ақорданың екінші қақпасының маңында қоршап, жылжытпай тастаған.
Наразылардың бірі Бақытжан Шыңғысбековтің сөзіне қарағанда, оларды қолдағасы келген немесе қатарына қосылған келген жұртты полиция алыстан қайтарып жатыр.
"Астананың белсенділері, көп балалы ата-аналар келіп жатыр. Бірақ оларды бізге өткізбей жатыр. Қазақстанның түрлі өңірінен хабарласып, қолдап жатқандар көп" деді ол.
Бақытжан Шыңғысбековтің сөзіне қарағанда, оған Тараздан әріптестері хабарласып, өзін жұмыстан шығарып жатқанын хабарлаған.
"Жаңа балалар хабарласты. Бәріне қол қойдыртып, мені жұмыстан шығарып жатыр екен. Өзім Тараздағы N5 емханада жедел жәрдем жүгізушісі болып істеймін. Мені ресми түрде шығарып жатыр" деді ол бейсенбі күні таңертең Азаттық тілшісіне.
Азаттық тілшісі әзірге бұл ақпаратты өзге дереккөздер арқылы тексермеді.
11 шілдеде Ақтөбе, Алматы, Өскемен, Тараз және Шымкент қалаларынан келген жиырмаға жуық адам Қазақстан президенті әкімшілігінің алдына жиналып, наразылық білдірген. Олар Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан балалары мен туыстарын ақтауды, Қаңтар оқиғасына байланысты тергеуді әділ жүргізуді талап еткен. 13 шілдеде президент әкімшілігінің өкілі оларды бір-бірден қабылдайтынын айтқан, алайда наразылар "бәрімізді бірге қабылдаңыздар, талабымыз ортақ" деп ұсынысқа келіспеген. Ал прокуратура өкілдері арыздарына 15 күн ішінде жауап беретінін айтқан.
– Біздің балаларымыз террорист емес. Балаларымыз бейбіт шеруге барған. Менің ұлымның басынан оқ тиіп қайтыс болды. Балам күдікті болса, бір нәрсе бүлдірген болса оған видео ретінде дәлел, айғақ көрсетсін! Дәлел жеткіліксіз түгілі мүлде жоқ. Не видео, не куә жоқ, Әкімдіктің алдында камера көп. Кімнің не істегені көрініп тұр. Ештеңе жоқ. Ештеңе істемеген. Әншейін барған, – деді наразы ер адамның бірі Азаттықтың тікелей эфирі кезінде.
Қаңтар оқиғасында қаза болған азаматтардың туыстары мен оқиға кезінде азапталған, қазір түрлі баптар бойынша күдікке ілінген азаматтар бұған дейін де тергеу амалдарына наразы болып, билікке талап айтқан. Билік өкілдері "кімнің кінәлі-кінәлі еместігін тергеу органдары анықтайды" деп мәлімдеген. Осыған дейін оқиға кезінде азапталған азаматтар азаптау бойынша қозғалған істердің сылбыр жүріп жатқандығына шағымданған.
- Биыл қаңтардың басында Қазақстанның бірнеше аймағында бір мезгілде жаппай наразылық пайда болып, соңы қантөгіске ұласқан еді. Қаңтардың бесіне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "ескертусіз оқ атуға" бұйрық берген болатын.
- Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 232 адам қаза болған. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адамның тергеу изоляторында өлгені ресми хабарланған. Билік қаза болғандардың аты-жөні мен қандай жағдайда қаза болғаны жайлы әзірге ақпарат жариялаған жоқ.
ПІКІРЛЕР