"Талибан" үкіметі ауған жерінен Тәжікстан мен Өзбекстанды атқылаған қылмыстық топ қамауға алынғанын хабарлаған.
16 шілдеде "Талибанның" ресми өкілі Забиулла Муджахид тәліптердің арнаулы бөлімі 15 шілдеде Құндыз провинциясының Имам Сахиб уезіндегі ИГИЛ содырларының орталығын жойғанын Twitter парақшасына жазған.
"Арнаулы операция кезінде қылмыстық топтың 3 адамы өліп, 5 адамы қамауға алынды. Автокөліктері мен қарулары кәмпескеленді. Олар Өзбекстан мен Тәжікстанды зымыранмен атқылаған болатын", – дейді ол.
Бұл ақпараттың рас-өтірігін тәуелсіз дереккөздер арқылы анықтау мүмкін емес.
Кейінгі төрт айда Ауғанстаннан Өзбекстан мен Тәжікстан жеріне үш рет снаряд түскен.
Биыл 7 мамырда ауған баспасөзі "содырлар" Ауғанстаннан Тәжікстанға қарата жеті снаряд атқанын хабарлаған. Тәжікстан билігі мұны "кездейсоқ түскен снаряд" деп атағанымен, шекара қызметін толық әскери дайындыққа келтірген.
Биыл маусымда Өзбекстан билігі Ауғанстан жақтан бес снаряд атылып, шекарадағы Термез қаласының "Мәжнүнтал" махалласындағы төрт үйге зақым келтіргенін хабарлаған.
Биыл сәуір айында кейбір БАҚ Ауғанстандағы ИГИЛ күштері Өзбекстанның Сурхандария облысындағы әскери нысандарға он зымыран жібергені жайлы жазған болатын. Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы бұл фактіні жоққа шығарған.
.
ПІКІРЛЕР