18 шілдеде Шымкенттің Әл-Фараби аудандық сотының үкімімен Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен сотталған белсенділер Жанмұрат Аштаев, Қайрат Сұлтанбек, Ләззат Досмамбетованың туыстары мен жақтастары қалалық сот пен прокуратура алдына барып, наразылық білдірді.
Белсенділердің туыстары соттың әділ шешім шығармағанын айтып, прокуратурадан тағылған айыпты дәлелдейтін айғақтарды көрсетуді талап етті. Олар қазақстандықтардан қолдау сұрап үндеу тастады. Наразылар әуелі қалалық сотқа, одан кейін прокуратураға барды.
- Қаңтарда Қазақстанның барлық аймағында наразылық болды. Қымбатшылыққа қарсы халық бейбіт шеруге шықты. Бұл шеруге анам Досмамбетова да шықты. Алаңға жетпей жараланған адамды көріп, алғашқы медициналық көмегін көрсетті де, кейін қайтты. Енді еш дәлелсіз саяси белсенділігі үшін соттады. Барша қазақстандықтардың бізді қолдауын сұрап үндеу жариялаймын, - деді Досмамбетованың қызы Айжан Нәдірбек.
Белсенділерді қолдауға келген жақтастары бірінен соң бірі сөз сөйледі. Олар Қаңтар оқиғасына адамдарды қымбатшылық шығарғанын, бейбіт тұрғындарға оқ атылғанын айтып, наразылыққа қатысқандарды соттау тоқтатылсын деді.
- Үкіммен келіспейміз, әділ шешім шықпады. Соңғы минутқа дейін олар ақталады не шартты жазамен түрмеден шығады деп сендік. Өйткені прокуратура таққан айыпты дәлелдеуге нақты деректер келтіре алмады. Сот үкіміне апелляциялық шағым түсіреміз, - деді Сұлтанбектің әйелі Ардақ Сәтбаева.
Жиналғандар “Белсенділерге бостандық!” деп айқайлады. Сот маңындағы наразылыққа келген топты полиция сырттай бақылап тұрды.
Сот ғимараты алдынан шыққан үш белсендінің туысы олардың суретін ұстап, аптап ыстыққа қарамай шамамен екі шықырым қашықта орналасқан қалалық прокуратураға дейін жаяу шерулетіп барды. Жол-жөнекей де өз талаптарын айтты. Прокуратураға жеткен соң 16 шілде күні талаптарын жеткізу үшін қала прокурорының қабылдауына өтініш жазып кетті.
18 шілдеде Нұр-Сұлтандағы брифингте бас прокуратура өкілі Елдос Қилымжанов осы үш белсендіні Қазақстанда экстремистік деп танылған ҚДТ және "Көше партиясы" ұйымдарының (Еуропарламент бұл ұйымдарды "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды) жұмысына қатысты деген еді.
15 шілде күні сот үкімімен үш азаматтық белсенді "Жаппай тәртіпсіздік" бабымен кінәлі деп танылды. Сот Аштаевты – 3 жыл 1 айға, Сұлтанбек пен Досмамбетованы – 3 жыл 7 айға қамады. Белсенділер сот үкімімен келіспейді, адвокаттар апелляциялық шағым түсіретінін айтқан.
Прокурор сот отырысында Сұлтанбек пен Досмамбетова "5 қаңтарға қараған түні қала әкімдігі маңына барып жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны, оған жұртты шақырғаны, "Шал, кет!" "Парламенттік республика құрамыз!" деп айқайлағаны, халықты арандатқанын" айтқан. Аштаев та "жаппай тәртіпсіздікке қатысқан, оған шақырған" деген еді.
48 жастағы Қайрат Сұлтанбек 7 қаңтарда, 51 жастағы Ләззат Досмамбетова мен 44 жастағы Жанмұрат Аштаев 8 қаңтарда ұсталып, қамауға алынған. Содан бері Шымкенттегі ИЧ 167/11 тергеу изоляторында қамауда отырды. Олар бұл істі саяси белсенділігімен байланыстырады.
Кейінгі үш жылдан бері елдегі қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген үш белсенді былтыр әр уақытта "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген айыппен сотталып, әрқайсысының бостандығы әртүрлі мерзімге шектелген болатын. Сол кезде қазақстандық құқық қорғаушылар оларды "саяси тұтқындар" қатарына қосқан.
Шымкентте Қаңтар оқиғасы 4-6 қаңтарда болған. Бейбіт басталған наразылықтың соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Ресми ақпарат бойынша, оқиға кезінде 20 азамат қаза тауып, 200-ден астам адам жараланды.
Оқиғаға байланысты қалада 86 адамға қылмыстық іс қозғалды. Олардың жетеуі - белсенділер. Белсенділердің екеуі - көп балалы әйел. Бұған дейін сот екі белсендінің ісін қарап, үкім шығарды. Сот Молдабай Сәдібековке үш жыл түрме жазасын берген, ал Ерғали Құлбаевтың бас бостандығын төрт жылға шектеді.
ПІКІРЛЕР