19 шілдеде Атырауда "Дорожный контроль" ақпараттық порталының қызметкері Олеся Вертинскаяны үйінің маңында ұрып кетті. Бұл жөнінде "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы хабарлады.
Қор өкілдерінің хабарлауынша, портал қызметкері сейсенбі күні үйінен шыққан кезде белгісіз бір жігіт келіп, көмек сұраған. Артынша қызметкердің бетінен ұрған. Құлап қалған Олеся Вертинскаяны шабуылдаушы тебе бастаған. Сол маңнан өтіп бара жатқан адам оны арашалап, жәбірленушінің ұлы жедел жәрдем көлігін шақыртқан. Компьютерлік томография БАҚ қызметкерінің мұрнының сынғанын анықтаған. Олеся Вертинская полицияға шағым түсірген.
"Әділ сөз" бірнеше күн бұрын Вертинскаяға белгісіз бір телефоннан хабарласып, қоқан-лоқы жасағанына назар аударады.
"Шабуыл болмай тұрып бірнеше күн бұрын, 16 шілдеде Олесяға белгісіз нөмірден хабарласып, қандай да бір компания мен оның басшысына қатысты "сақ болуға" кеңес берген. Сол күні Олеся прокуратураға өтініш жазып, өзіне қоқан-лоқы жасай бастағанын, өміріне қауіп төнгенін хабарлады" деп жазылған қор хабарламасында.
"Әділ сөздің" жазуынша, 13 шілдеде Атырау қаласының полиция қызметкерлері Вертинскаяға "билік өкілінің талабына бағынбау" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған. Қызметкердің айтуынша, ол прокуратураға қоқан-лоқы туралы шағым жазғаннан кейін аталған іс тоқтатылған.
"Ол жақта қазір қызметтік тексеріс жүріп жатыр. Менің ойымша, осының бәрі қаңтардағы мені азаптау мен Атырауда әскери борышын өтеген ақтаулық солдат Медет Амангелдімен байланысты" сияқты деді Олеся Виртинская қор өкілдеріне.
Қор оған құқықтық көмек көрсететінін хабарлады. Атырау облыстық полицияның баспасөз қызметі "Бұзақылық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. Полиция тергеу құпиялылығын алға тартып, өзге сұрақтарға жауап бере алмайтынын жеткізді.
Олеся Вертинская ақпан айында атыраулық "Ақжайық" басылымына Қаңтар оқиғасы кезінде "кәсіби міндетін атқарғаны үшін ұсталғанын, полицейлердің оны тергеп, қоқан-лоқы көрсетіп, қол жұмсағанын" айтқан. Сол кезде оның үстінен "бейбіт жиынды өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Кейін құқық бұзу құрамы болмағандықтан іс тоқтатылған.
ПІКІРЛЕР