Ресей шілде айында "Солтүстік ағыс" құбыр желісі бойынша Еуропаға газ жеткізуді қысқартуы мүмкін. Ресей басшысы Владимир Путин Тегерандағы саммит кезінде осылай деп мәлімдеді.
Мұны өтеу үшін "Солтүстік ағыс-2" құбыр желісін қайта іске қосуы керек деді Путин. Еуропа бұл жобаны Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін тоқтатып тастаған.
Путиннің сөзінше, келесі аптада "Газпром" компаниясы газ айдайтын агрегатқа жөндеу жұмыстарын бастайды. Бұл газды тәулігіне 30 млн текше метрге дейін төмендетеді.
Соғыс басталғаннан бері “Газпром” газ айдауды 167 млн текше метрден 100 млн текше метрге дейін азайтқан. Кейін 67 млн текше метрге түсірді. Осыдан кейін жөндеу жұмыстарына жабылды. Газ айдау процесін 21 шілдеде қайта қосуы керек болған.
Германия мен ЕО-ға мүше бірнеше мемлекет Ресей газына едәуір тәуелді. Неміс саясаткерлері Мәскеуді газ тасымалын Еуроодаққа қысым құралы ретінде пайдаланды деп айыптайды.
Ресей газы Еуроодаққа келетін газ тасымалының шамамен 40 пайызын құрайды. Оны қысқа мерзім ішінде алмастыру қиын. Неміс өндіріс орындары отын тапшылығы рецессия тудыруы ықтимал деп болжайды.
Одаққа мүше елдер өзге газ тасымалдаушылар мен газға балама отын түрлерін іздестіріп жатыр.
ПІКІРЛЕР