Accessibility links

Қаңтар оқиғасынан соң қамауға алынған ақтөбелік түрмеде аштық жариялады


Күштік құрылымдар наразыларға жас ағызатын газ шашып, резеңке оқ атқан сәт. Ақтөбе, 5 қаңтар 2022 жыл.
Күштік құрылымдар наразыларға жас ағызатын газ шашып, резеңке оқ атқан сәт. Ақтөбе, 5 қаңтар 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасынан соң қамалған 31 жастағы ақтөбелік Нұрсұлтан Исаев 2 тамызда Ақтөбедегі тергеу изоляторында аштық жариялаған. Бұл туралы Азатыққа Исаевтың әйелі Аида Хазеева айтты. Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесі комитеті де Исаевтың Ақтөбегі тергеу изоляторында 2 тамыздан бастап аштық жариялағанын растады.

- Исаевтың қылмыстық-атқару жүйесіне ешқандай шағымы жоқ, тергеу барысына наразы. Тұтқынның денсаулығы изолятор дәрігерлерінің бақылауында, - деп хабарлады Азаттыққа қылмыстық-атқару жүйесі комитеті.

2 тамыз күні Аида Хазеева ата-енесімен бірге Ақтөбе облыстық прокуратурасына барып, күйеуі Нұрсұлтан Исаевтың "тергеу барысындағы әділетсіздік пен азаптауға наразы" екенін айтып шағынды. Олар облыс прокурорының бірінші орынбасары Қуандық Рахметовпен кездесіп, прокуратурадан қылмыстық істі қайта дәрежелеуді, әділ тергеуді талап еткен. Прокуратура әзірше нақты жауап бермеген.

Хазееваның сөзінше, Нұрсұлтан Исаев 5 қаңтарда достарымен бірге алаңға барған. Полиция демостранттарға газ шашып, резеңке оқ ата бастаған кезде Исаев сұйық газбен жүретін көлігін алаңнан аулағырақ жерге алып кетпек болады.

- Тергеу күйеуімді полиция қызметкерлерін көлігімен қасақана қағып кеткен деп отыр. Мүлдем олай емес! Нұрсұлтан алаңнан кетпек болған кезде көліктің алдыңғы әйнегіне оқ атылған. Оқтан қорғану үшін басын бұғып, газды басқанда алдындағы адамдарды көрмей қалған. Нұрсұлтан Ресейде тіркелген ВАЗ-2114 маркалы көлігімен жолаушы тасып, мүгедек әкесі, зейнеткер шешесі мен өз отбасын асырап жүрген, - дейді әйелі.

Ақтөбе полициясы Қаңтар оқиғасынан кейін көше камерасына жазылған видеоны таратқан еді. Қысқа видеодан жеңіл көліктің полиция қызметкерлерін қағып кеткен сәтін көруге болады. Полицияның мәліметінше, сол кезде жарақаттанған үш полицей қазір өз міндетін атқарып жүр.

Тергеу Нұрсұлтан Исаевқа "билік өкілдеріне қатысты күш қолданды", "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айып тағылған. 11 қаңтарда тергеу изоляторына қамалған Исаев бастапқыда өзіне тағылған айыпты мойындап, кейін сөзінен бас тартқан. Қамауда отырған тұрғынның әйелі полицейлер күйеуімді изоляторға апарып, сабап, азаптаған деп отыр.

- Күйеуімді 9 қаңтарда үйден алып кетті. Сол күні полиция департаменті орналасқан ғимараттың екінші қабатында арнайы жасақтың бес қызметкері оны соққыға жығып, қабырғасы мен тісін сындырған, миын шайқап қойған. Артынша уақытша изоляторға апарып тағы да сабаған. Изоляторға жедел жәрдем келіп, Нұрсұлтанды ауруханаға алып кеткен. Рентгенге түсіріп, ауруды басатын дәрі егіп, изоляторға қайтарып жіберген. Қысымнан кейін ол тергеу таққан айыпты мойындауға мәжбүр болған. Біз арнайы жасақтың үстінен шағым жазғанбыз. Артынша күйеуімді азаптаған полицейлердің үстінен "Өкілеттілігін асыра пайдалану" бабымен іс қозғалған еді. Оның өзі жабылып қалды, - дейді Аида Хазеева.

Ақтөбе полициясының мәліметінше, Қаңтар оқиғасынан соң қалада 12 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу изоляторына қамалған. Одан бөлек сегіз ақтөбелік үйқамаққа алынған. Полиция екі істің терроризм бабымен тергеліп жатқанын хабарлады. Қамалғандардың басым бөлігі "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" күдігіне ілінген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG