Accessibility links

Әкімдік "Алға, Қазақстан" партиясының бастамашыл тобына митинг өткізуге рұқсат бермеді


Оппозиция митингісі деген күні аумақты қоршап, бақылап тұрған полиция қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Оппозиция митингісі деген күні аумақты қоршап, бақылап тұрған полиция қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі азаматтық белсенді, танымал марафоншы Марат Жыланбаевтың митинг өткізу туралы өтішін тағы мақұлдамады. Бұл жөнінде белсендінің өзі хабарлады. Бұған дейін Жыланбаев Қазақстанда саяси партияларды тіркеп, Қаңтар қырғынына әділ халықаралық тергеуді талап ететін митинг өткізуге өтініш берген. Әкімдік белсендіге осымен үшінші рет рұқсат бермей отыр.

Марат Жыланбаев 15, 19,23 тамызда әкімдікке өтініш түсіріп, 21,27,28 тамыз күндері бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұраған. Марафоншы митинг өткізетін орын ретінде қаладағы Жеңіс, Абай, Бигелдинов пен Желтоқсан көшелері қиылысын көрсеткен. Оған жауап ретінде әкімдіктен бір-бірінен айнымайтын үш бірдей қарсылық хат келген. Онда хат авторлары бейбіт жиын өткізу туралы заңға сілтеме жасап, егер митинг өткізуге рұқсат сұралған орындарда қоғамдық мәдени шаралар өткізілсе, атқарушы органның өтінішті мақұлдадан бас тартуға құқығы бар екені жазылған. Бірақ нақты қандай шара өтетінін көрсетпеген.

– Бұл жауаптар бір-бірінен айнымайды. Тек көшіріп, мерзімін өзгертіп бере берген. Мен 21 тамызда арнайы барып көрдім – Жеңіс, Абай, Бигелдинов пен Желтоқсан көшелері қилысында ештеңе де болған жоқ. Бірақ күресімізді тоқтатпаймыз. Президент Тоқаевтың өзі “саяси партияларды тіркеуді жеңілдететінін, олардың көбеюіне мүмкіндік беретінін” айтқан. Біз барлық саяси партиялар тіркелуін талап етеміз, белсенділерді саяси қудалауды тоқтатып, Қаңтар қырғынына халықаралық зерттеу жасалуы тиіс деп санаймыз, - дейді Марат Жыланбаев.

Нұр-Сұлтан әкімдігі оқиғаға түсініктеме бермеді.

Қазақстанда азаматтық белсенділер бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұрағанмен билік жиі қарсылық танытады. Бұған дейін Алматы қаласы әкімдігі “Алға, Қазақстан” оппозициялық партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ мүшелеріне де саяси қудалау туралы митинг өткізуге рұқсат бермеген.

Халықаралық қауымдастық Қазақстан билігінен "Бейбіт жиын өткізу туралы" заңды қайта қарап, халыққа өз ойын еркін айтуға кедергі келтірмеуді талап етіп келеді. Нұр-Сұлтан елдегі бейбіт жиындар туралы заң халықаралық талаптарға сай деген уәж айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG