Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі қырғыз-тәжік шекарасына жақын орналасқан Баткен облысында кемі 24 адам қаза тауып, 87 адам жараланғанын хабарлады. Қаза тапқандардың бірі - 15 жастағы қыз бала.
Тәжікстан тарабы бұған дейін бір адам қаза тапқанын айтқан. Одан кейін Душанбе тарапынан қаза болғандар жайлы ақпарат болмады.
Қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдай: Атысты тоқтату келісіміне қарамастан қақтығыс жалғасты
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының даулы аудандарындағы қақтығыс кезінде ондаған адам қаза болды. Ақпаратқа қарағанда, тәжік ауылына шабуылда әскери дрон пайдаланылған. Қырғыз жағы тәжік әскерінің танк, миномет және өзге де ауыр қару түрлерін пайдаланғанын мәлімдеді.
Адам шығыны туралы мәлімет Қырғызстан мен Тәжікстан басшыларының атысты тоқтату туралы келісімінен кейін де түсіп жатты.
Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) басшысы Қамшыбек Ташиев атыс тоқтағанмен жағдай ушыққан күйі қалғанын мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, қаза болғандардың басым бөлігі – әскери қызметкерлер.
Тәжік жағы Бободжон Гафуров ауданына қарасты Овчикалача ауылындағы мешітке соққы жасалғанын хабарлады. Азаттықтың Тәжік қызметіне оқиға орнынан түсірілген видео жеткен.
Овчикалача тұрғыны Ахрор Нематов Озоди радиосына ондаған адам қаза болғанын және жараланғанын айтты. Жергілікті шенеунік мешітке соққы жасалғанын да растады. Ол билік жергілікті халықты эвакуациялап жатқанын айтты.
"Азия-Плюс" ақпарат агенттігі Телеграм арнасында қырғыз дронының шабуылы салдарынан адамдар жараланғанын жазды.
"Атысты тоқтату туралы хабардан кейін жұрт көшеге шықты, осы уақытта дронмен халыққа соққы жасалды" деді тұрғындар.
Озоди радиосына жіберілген видеода жерде алты мәйіттің жатқаны көрінеді. Соғды облысында жүрген журналист видеоның Овчикалача ауылында түсірілгенін растады.
Тәжікстан билігі қырғыз жағын "жағдайды қайта ушықтырды" және "бейбіт тұрғындарға дронмен соққы жасады" деп айыптады.
Екі дереккөздің хабарлауынша, 16 қыркүйекте кешке дрондар Ходжа Ало ауданында да пайдаланылған.
Қырғыз билігі айыптауларға түсініктеме бермеді.
Қырғызстан шекара қызметі атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан қақтығыс жалғасып жатқанын хабарлады.
"Тәжік жағы келісімді бұзып, Лейлек ауданындағы Кулунду және Жаны-Жер елді мекендеріндегі қырғыз шекарашыларының бекеттерін атқылады" деді шекара қызметінің өкілдері. Олардың айтуынша, тәжік жағы Баткен облысында дүркіндетіп ататын зымыран жүйесін қолданған.
Қырғызстан шекара қызметі тәжік жағын танк, бронды техника және миномет қолданды деп айыптады. Бішкектің хабарлауынша, 16 қыркүйекте таңертең тәжік жағы Баткен қаласы маңындағы елді мекендерді атқылаған. Азаматтық инфрақұрылымдарға снарядтар түскен.
Қырғызстан шекара қызметі тәжік жағының минометпен атқылағанын хабарлады
Баткен облысындағы Достық ауылы миномет атқылауына ұшыраған. Қырғызстан шекара қызметі 17 қыркүйекте тәжік әскерінің ауылды минометпен атқылағанын мәлімдеді.
"Атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, тәжік жағы Достық ауылын атқылады", - деді ведомство өкілдері.
Тәжікстанның ресми орындары Қырғызстан шекара қызметінің соңғы хабарламасына түсініктеме бермеді.
Баткен облысында төтенше жағдай жарияланды
Облыс басшысы Әбдікәрім Әлімбаев сондай бұйрыққа қол қойды.
Төтенше жағдай режимі қақтығыс ошағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықты қауіпсіз жерге көшіру мен орналастыру, адам өліміне жол бермеу мақсатында енгізілген.
ПІКІРЛЕР