Accessibility links

Қызылорда соты "саяси тұтқын" Ержан Елшібаевтың жаза мерзімін ұзартып, түпкілікті 8 жыл түрмеге кесті


"Саяси тұтқын" Ержан Елшібаев. Қызылорда, 22 қыркүйек 2022 жыл.
"Саяси тұтқын" Ержан Елшібаев. Қызылорда, 22 қыркүйек 2022 жыл.

Қызылорда соты "саяси тұтқын" Ержан Елшібаевтың жаза мерзіміне жеті жыл қосып, түпкілікті сегіз жыл түрме жазасын тағайындады. Бұл жөнінде сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Елшібаевтың өзі сот үкімімен келіспейтінін айтты. "Бұл бассыздық. [Осынша жаза тағайындайтындай] мен адам өлтірген жоқпын" деді ол.

Қолы кісендеулі белсенді Елшібаевты қарауыл сот залынан бірден алып кетті.

Жаңаөзендік жұмыссыз жастар белсендісі, ЗК-169/5 түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан "саяси тұтқын" Ержан Елшібаевты түрме әкімшілігі "мекеменің тәртібіне бағынбай, басшылыққа қарсы шығуға өзгелерді үгіттеді" деп айыптаған еді. Елшібаев тағылған айыптарды жоққа шығарған.

Сот үкімі оның бостандыққа шығуына бір жарым жыл қалғанда шығып отыр.

Бейсенбі күні сот Елшібаевпен бірге айыпталған тағы бір тұтқын Құттымұрат Есқараевқа жеті жыл беріп, түпкілікті 15 жыл түрме жазасын тағайындады.

Қорғау тарабының сот үкімін апелляцияға беретіні-бермейтіні әзірге белгісіз.

  • 2022 жылы наурызда Ержан Елшібаев бірнеше сотталушымен бірге өзіне қол салған болатын. Ол бұл әрекетін жуырда осы абақтыға ауысып келген түрме басшыларының біріне наразылық ретінде жасағанын, бұрын одан қысым мен азаптау көргенін айтқан еді. Түрме басшылығы сотталушылардың өздерін жарақаттағанын растап, олардың емдеуге жіберілгенін айтқан еді. Кейін Елшібаев пен Есқараевқа қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Елшібаевтың өзі алғашқы сот процестері кезінде "түрме әкімшілігінің өзіне психологиялық қысым жасағанын" айтқан. Мекеме өкілдері оған түсініктеме бермеді.
  • ЗК-169/5 түзеу мекемесінде отырған сотталушылар бұған дейін де түрмеде қысым мен азаптау барын айтып, наразылық білдірген. Оқиғадан соң түрмеде тексеріс болғаны хабарланған, алайда оның нәтижесі жарияланбады.
  • Маңғыстаулық 34 жастағы Ержан Елшібаев 2019 жылы Жаңаөзендегі аз қамтылған отбасылар мен жұмыссыздар проблемасын көтеріп, белсенділігімен көзге түскен. Құқық қорғау органдары Ержан Елшібаевты "біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді" (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлімі) деп айыптап, 2019 жылғы қарашада Жаңаөзен қаласы соты бес жылға бостандығынан айырған. Оның жазасы 1 жыл 6 айдан кейін аяқталуы керек еді.
  • Құқық қорғаушылар Ержан Елшібаевты "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG