Accessibility links

Orda.kz сайты белгісіз біреулер редакцияға шошқаның басын жолдағанын хабарлады


Шошқаның басы оралған қорап . Orda.kz порталы қорапты біреулердің редакцияға жолдағанын айтты.
Шошқаның басы оралған қорап . Orda.kz порталы қорапты біреулердің редакцияға жолдағанын айтты.

Қазақстандық Orda.kz порталы 5 қазанда кешке Телеграм-арнасында белгісіз біреулер "редакцияға шошқаның басы оралған қорап жібергенін" хабарлады.

"Белгісіз біреу өзін анықтай алмас үшін жеке курьер қызметін жалдап, Алматының Алмалы ауданындағы тұрғын үй кешендерінің бірін жіберу орны ретінде көрсеткен. Қорапта шошқаның басы жатты, ал аузында "Орданың" бас редакторы Гүлнара Бажкенованың жыртылған суреті болды" деді редакция өкілдері.

Басылымның хабарлауынша, кейінгі кезде "редакцияға бағытталған қоқан-лоқы және арандату әрекеттері жиілеген".

Orda.kz бас редакторы Гүлнара Бажкенова оқиғаны басылымда жарияланған соңғы мақалалармен байланыстырады.

"Мен немесе менің отбасыма бірдеңе болса, Ордадағы Нұрсұлтан Назарбаев, бірінші президент қоры, Жусан компаниясы мен Әлия Назарбаева туралы мақалалармен байланысты деп нық сеніммен айта аламын. Не болса да, солардан келді" деп жазды Гүлнара Бажкенова.

Жазбада аты аталған адамдар мен компаниялардан айыптауларға қатысты әзірге реакция болмады.

5 қазанда ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Фейсбук парақшасында "Orda.kz редакциясына жасалған кедергі" туралы ақпаратты бақылап отырғанын айтты.

"Әріптестерімізге жасалған мұндай әрекеттерді айыптаймыз. Сонымен бірге Orda.kz сайтына құқықтық көмек беруге дайынбыз" деді Қыдырәлі.

Қазақстанда журналистер кәсіби қызметіне байланысты жиі кедергіге ұшырайды. Баспасөз қорғау ұйымдары журналистердің кәсіби қызметіне кедергі жасалғаны туралы шағымдары көп жағдайда тексерілмей қалады дейді.

Қазақстанда редакцияға жануардың басын тастап кету оқиғалары 2000-жылдары болған. 2002 жылы "Деловое обозрение — Республика" басылымының (билік қағаз нұсқасын сот шешімімен жапқан, қазір Respublika.kz.mediа порталы істеп тұр) бас редакторына қоқан-лоқы жиі жасалып, газеттің редакциясына иттің басын тастап кеткен кез де болған. Сол жылы мамырда белгісіз біреулер басылым кеңсесіне от қойып, өртенген.

XS
SM
MD
LG