Accessibility links

Белсенділер "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын тіркеуге тағы құжаттарын тапсырды 


Белсенділер "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу үшін тағы құжаттарын тапсырды. Алдыңғы екі өтінішті министрлік "құжаттарда қате бар" деп тіркемей қойған. Астана, 12 қазан 2022 жыл.
Белсенділер "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу үшін тағы құжаттарын тапсырды. Алдыңғы екі өтінішті министрлік "құжаттарда қате бар" деп тіркемей қойған. Астана, 12 қазан 2022 жыл.

12 қазанда Қазақстанның әр өңірінен: Алматы, Петропавл, Павлодар, Шымкент, Ақтау қалаларынан Астанаға келген азаматтық белсенділер "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясын тіркеуге өтініш беру үшін әділет министрлігіне барды.

Тіркелмеген оппозициялық партия жетекшісі Жасарал Қуанышәлин құжатты қабылдауға шыққан министрлік өкіліне үшінші рет құжат өткізіп тұрғынын, бастамашыл топ мүшелерінің тізімнен әлдеқайда көп екенін ескертті.

- Біз тағы құжат әкелдік. Барлығы талапқа сай, осы жолы тіркеледі деп үміттенемін, - деді Жасарал Қуанышәлин министрлік өкіліне қарата.

Құжаттың тіркелгені туралы квитанция әкеп берген соң жиналғандар жеке куәліктерін көрсетіп, қазақ-орыс тілінде "біз тіріміз" деп ұрандатты. Кейін олар министрлік алдына шығып та "біз тіріміз" деп айқайлады.

Танымал марафоншы Марат Жыланбаев егер партияны тағы тіркемесе, Астанадағы "Бейбітшілік және келісім" сарайында өтетін саммитке барып, Ресей президенті аудиенциясын сұрауға мәжбүр болатындарын айтты.

Азаматтық белсенділер құжат табыстаған соң баспасөз мәслихатын өткізді. Оған Жасарал Қуанышәлин, Марат Жыланбаев, азаматтық белсенді Сергей Измайлов қатысып, оппозициялық партия бағдарламасын талқылады. Жасарал Қуанышәлиннің айтуынша, олар әділет министрлігіне тіркеле алмаған басқа да партияларды бірігуге шақырған, бірақ ешкім келмеген.

- Мен басқа да партияларға хабарласып келулерін, бізбен бірге құжат өткізуін сұрағанмын. Ешкім келмеді, бірақ бізге бірігу керек, – деді ол.

Қуанышәлин сөз арасында кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде тіркелуге талпыныс жасап көргенін, бірақ "өзін қолдайтындай ыңғай танытқан ұйымдардың соңғы сәтте тайқып кеткенін" айтты. Белсенділер "Алға, Қазақстан" партиясын әрі қарай да тіркеуге күш сала беретіндіктерін жеткізді.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясы соңғы рет тіркеуге құжаттарын қыркүйекте тапсырған. Алайда әділет министрлігі "Саяси партиялар туралы" заңның 8-бабына (Саяси партияға мүше болу) сілтеп, ұйым ұсынған мүшелер тізіміндегі мәліметтер сәйкес емес деп мәлімдеген. Белсенділердің айтуынша, ведомство қандай мәліметтің сәйкес емес екенін айтпаған.

Ресми Астана "партия құру талаптарының жеңілдеді" дегенімен 2019 жылдан бері елде бірде-бір саяси партия тіркелген жоқ.

Әділет министрлігінің мәліметінше, кейінгі үш жылда 18 саяси партия тіркелуге құжат тапсырып, оның үшеуі алғашқы екі кезеңнен өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG