Белсенді Әйгерім Тілеужанова Қаңтар оқиғасы кезінде "Алматы әуежайын басып алу" ісі бойынша куәгерден күдіктіге айналды. Бұл туралы белсендінің өзі Азаттыққа хабарлады.
Тілеужанованың сөзінше, ол Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" бабы бойынша күдіктіге айналған.
- 21 қазанда қосымша тергеу, осыған дейінгі экспертизалардың қорытындысымен таныстыру болды, сол кезде маған статусымның куәгерден күдіктіге ауысқанын айтты. Статусымның өзгеруіне куәгерлердің сөзі негіз болған сияқты. Куәгерлер мені әуежайда нұсқау беріп отырды деп айтса керек. Қолыма қаулы берді, "сіз әлі айыпталушы емессіз, күдіктісіз" деп мені қамауға алған жоқ, - деді белсенді Азаттыққа.
Күштік құрылымдар Әйгерім Тілеужанованы Қаңтар оқиғасы кезінде "Алматы әуежайын басып алу" ісі бойынша қозғалған істе куәгер деп танып, биыл наурызда үйіне тінту жасаған еді.
- Қаңтар оқиғасы кезінде алаңда жүргенде Қазақстанға Ресейден әскер келеді дегенді естіп, әуежайға белсенді әрі журналист ретінде бардым. 20 минут болып қайттым, әуежайда тұрып Назарбаев режим құлады деп айғайлағаным рас, келіп жатқан адамдардан сүйінші де сұрадым. Ақпаратты растау үшін әуежай қызметкерлерін, диспетчерді іздедім, таппадым. Ешқандай тәртіпсіздік ұйымдастырмадым. Мұны қаңтар айында болған тергеуде де айтқанмын. Осы сөзімде қаламын, - дейді белсенді Азаттыққа.
Белсенді алдағы уақытта тергеу амалдары мен беттестіру болатынын айтады.
Алматы қаласы полиция департаменті Әйгерім Тілеужанованың "әуежайды басып алу" оқиғасы бойынша қозғалған қылмыстық істе күдіктіге айналғаны жайлы әзірге ешқандай мәлімдеме жасамады.
- 2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық наразылыққа шыққан. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт митингілер өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіпсіздіктен кемі 238 адам қаза тапты.
- Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайының басып алынғаны да хабарланды. Куәгерлердің айтуынша, 5 қаңтарда таңертең әуежайды әскерилердің мықты күзеті тұрғаны байқалса, түстен кейін әскерилер аяқ астынан бірі қалмай кетіп қалған. Жолаушыларды әуежай қызметкерлерінің өздері эвакуациялауына тура келген. 6 қаңтарға қараған түні әуежайдың "бүлікшілерден тазартылғаны" айтылды. Әуежай жұмысы 13 қаңтарда қайта жалғасқан.
- Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің ықпалы мол ҰҚШҰ-дан көмек сұрап, ұйымға мүше елдерден әскер кіргізген. Елге келген әскерилердің басым бөлігі Ресейден болған.
ПІКІРЛЕР