Еуродепутаттар Қазақстандағы адам құқығы ахуалын "жіті қадағалап отыр" және Астана демократиялық реформаларды жүзеге асырады деп үміттенеді. Австрия халықтық партия мүшесі Кристиан Сагарц 26 қазанда Еуропарламенттің шағын комитеті отырысында осылай деп мәлімдеді.
"Біз әрдайым ашықпыз, осы жолда көмектесуге дайынбыз. Бірақ Қазақстандағы адам құқығы ахуалын жіті қадағалап отырмыз" деді Астанадан келген өкілдерге қайырылған Сагарц.
Тыңдау еуродепутаттар делегациясының Қазақстанға сапарынан кейін бірнеше апта өткен кезде болып отыр. Еуропарламент сайтында отырыстан трансляция жүргізілді.
Еуродепутаттар Қаңтар оқиғасын халықаралық зерттеу қажеттігін тағы алға тартты.
Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бөліміндегі қоғамдық кампания бағыты бойынша жетекші Филипп Дам Астана Қаңтардағы бейбіт азаматтарға оқ ату мен ұсталғандарды азаптау оқиғаларын объективті, ашық тергеу жүргізбегенін айтты. Оның айтуынша, Human Rights Watch 4-6 қаңтар аралығында қазақстандық күштік құрылымдарының кемінде төрт жағдайда "артық күш қолданғанын" (тікелей қатер төндірмесе де азаматтарға оқ ату) анықтаған. Осы төрт оқиғада кемінде он адамға оқ атылған. Бұл жаппай күш қолданудың шағын бір бөлігі ғана деді Дам.
"Қазақстан билігі Қаңтарда болған адам құқығын бұзу оқиғаларын тергеп жатырмыз деп бірнеше рет мәлімдегенмен әлі тәуелсіз зерттеу жүргізген жоқ" деді Дам.
Оның айтуынша, Астана күштік құрылымдардың "артық күш қолдану" фактілері бойынша қылмыстық тергеулері жөнінде ақпарат бермеген. Әлі күнге дейін тәуелсіз тергеу механизмі құрылмаған. Құқық қорғау ұйымының өкілі билік Қаңтарда қаза болғандар жөнінде толық ақпарат жарияламағанын, азаптау істері бойынша бірде-бір күштік құрылым өкілі жауапқа тартылмағанын атап өтті. Түрмеде әлі күнге дейін саяси тұтқындар жатыр.
Депуаттар сонымен бірге билік жариялаған амнистия адамдарға оқ атқандарды жауаптан жалтаруға жағдай жасайды, ал амнистияға қамаудағы белсенділер ілінбеуі мүмкін деді.
Кейбір жағдайда билік Қаңтар оқиғасын саяси оппозицияны "қудалаудың құралы" ретінде пайдаланған, олардың жаппай тәртіпсіздікке қатысы барына дәлел де келтірмегені айтылды.
"Ресей мен Беларусьтегіге ұқсас әдіс-тәсілдер қолданылды" деді жиынға онлайн қатысқан қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Оның айтуынша, Қазақстан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев тұсында қалыптасқан авторитарлы постсоветтік режимде әлі тұрып жатыр.
Еуропарламент отырысында қамауда отырған тіркелмеген "Демпартия" жетекшісі Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбай да сөйледі. Ол жуырда халықаралық қысымның арқасында күйеуіне тағылған айыптардың бірі жеңілдетілгенін айтты.
- Қаңтар басында бүкіл елді қамтыған наразылық кезінде күштік құрылымдар бейбіт наразыларды күшпен таратып, Алматыда оқиға соңы тәртіпсіздікке ұласты, әкімшілік ғимараттар өртеніп, бизнес нысандары тоналды. Ресми мәлімет бойынша, оқиғадан кемінде 238 адам қаза болды, алтауы ұсталғаннан кейін азаптаудан көз жұмған.
- Құқық қорғаушылар жеті айдан кейін билік жариялаған Қаңтар құрбандарының тізімі "толық емес" екенін айтты. Онда құрбандардың толық аты-жөні, жасы, жынысы, азаматтығы, өлімі жөнінде жай-жапсар ақпарат жоқ. Халықаралық және қазақстандық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде зерттеуге үндеген. Ақорда "бұған қажеттілік жоқ" деп мәлімдеген.