Accessibility links

СІМ Ресей арнасында айтылған "Украинадан кейінгі мәселе – Қазақстан" деген мәлімдемеге көзқарасын айтты


Роман Василенко, Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары. Астана, 23 қараша 2022 жыл.
Роман Василенко, Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары. Астана, 23 қараша 2022 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко "Россия 1" арнасында "сарапшылардың" "Украинадан кейінгі проблема – Қазақстан" деген мәлімдемесіне көзқарасын жеткізді.

Бұған дейін әлеуметтік желіде "Вечер с Владимиром Соловьевым" атты Ресейдің мемлекеттік арнасында шыққан хабардан үзінді жарияланып, онда қатысушылар Қазақстанда да Украинадағыдай "нацистік" процестер басталуы мүмкін-мыс деп, "Украинадан кейінгі мәселе - Қазақстан" деп мәлімдеген. Бағдарламаның нақты қай күні түсірілгені белгісіз.

"Біздің ойымызша, бұл біріншіден, Ресей билігінің ресми ұстанымы емес. Екіншіден, бұл Қазақстан мен Ресейдің дәстүрлі тығыз қарым-қатынасына нұқсан келтіреді. Үшіншіден, Ресей билігінің оған реакция білдіргені жөн деп санаймыз" деді 23 қарашада журналистердің сұрақтарына жауап берген Роман Василенко.

Биыл ақпанда Ресей Украинаға басып кірген кезде Кремль "денацификация" туралы да айтқан еді. Алайда көптеген сарапшылардың пікірінше, бұл көпшілік үшін сол күйі бұлыңғыр тұсы көп ұғым болып қалған, есесіне Украинамен "мәнсіз соғыс" жөнінде тұжырымдар жиі тарала бастаған.

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко сәрсенбі күні журналистердің сұрақтарына жауап беріп тұрып, Қазақстанда "ешқашан нацистік процеске кезікпегенін, себебі елде ондай нәрсе мүлде жоқ" екенін атап өтті.

Қазақстан Ресейдің Украинаға басып кіргенін ашық айыптамаған я қолдамаған. Бірақ билік Ресейдің басқыншылығын айыптайтын бейбіт митингіге рұқсат берген еді. Бұған қоса Қазақстанда азаматтар Украинаға бірнеше рет гуманитарлық көмек жіберген. Ал Тоқаев Санкт-Петербургтегі экономикалық форумда Ресей президенті Путиннің көзінше Қазақстан Украинаның шығысындағы "ДХР" және "ЛХР" жікшіл аймақтарының "тәуелсіздігін мойындамайтынын" ашық айтқан еді.

Ресей саясаткерлері мен сарапшылары Қазақстанды "денацификациялау қажеттігі" туралы бұған дейін де мәлімдеген. Биыл наурызда Мәскеу қалалық думасының депутаты Сергей Савостьянов Украина үлгісі бойынша Қазақстанды да "денацификациялау" және "демилитаризациялауға" шақырған. Сол кезде Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "айтылған әрбір мәлімдемелерді жеке-жеке қарастыру керек және сол деңгейде жауап беру керек" деп мәлімдеген.

БҰҰ-ға мүше елдердің басым бөлігі Ресейдің Украинаға басып кіруін айыптап, Мәскеуден әскерін Украинадан алып кетуді талап еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG