Катарда футболдан өтіп жатқан әлем кубогында Жапония құрамасы мен жапон фанаттары әлем жұртын жеңісімен және тазалығымен таң қалдырды. 23 қарашада топтық кезеңде Жапония Германия командасын 2:1 есебімен жеңді. Осы матчты тамашалауға келген жапон фанаттары ойыннан кейін стадионда өздері отырған жерді тап-тұйнақтай етіп тазалап кетті. Жапон фанаттарының бұл әрекетіне неге әлем ауыз аша қарайды? Жапонтанушылардан сұрадық.
Жапония құрамасы Дохадағы Халифа халықаралық стадионында Германияны жеңген соң жапон фанаттары сыртқа бірден шығып кеткен жоқ. Жеңіс жеңісімен, бірақ жапондар матчтан кейін отырған жерін тазалап, қоқыстың бәрін жинап шықты.
Бұл елден келген футбол жанкүйерлері Катар мен Эквадор арасындағы матчтан соң отырған жерін де тазалап кеткен еді.
Олардың бұл әрекетін әлем жұрты желіде талқылап, халықаралық медиа жарыса жазып жатыр. Ал жапондардың стадиондағы тазалыққа көңіл бөлуі алғаш рет емес. 2014 жылы Бразилияда, 2018 жылы Ресейде өткен әлем кубогында да жапон фанаттарының ойыннан кейін стадионды тазалағаны көп талқыланған. 2019 жылы регбиден өткен әлем кубогында да жапон фанаттары ойыннан кейін отырған жеріндегі қоқыстың бәрін жинап алып кеткен.
Жапониядағы Цукуба университетін тәмамдаған жапонтанушы Мәди Фазыл жапондар үшін тазалық сақтау өмірлік принциптердің бірі екенін айтады.
- Жапондар өзі жайлы басқа адамдар жаман ойлағанын қаламайды. Бұл бір альтруист әрекет емес. Әлем үшін жапондардың отырған жерін тазалап кеткені таңқаларлық іс болса, жапондарға бұл – норма. Керісінше, жапондар үшін тазалық сақталмаса, қоқыс жиналмаса - сын. Тазалық та жапондар үшін қалыпты жағдай. Сондықтан Жапонияда әжетхананың тазалығына да таң қалатындар көп. Жапондар артынан сөз ергенін қаламайды. Бұған қоса, жапондарға кішкентай кезінен "қоғамға пайдалы болуға тиіссің" деген принципті емес, "қоршаған ортаға зияның тимесін" деген принципті үйретеді, - дейді сарапшы.
Ал Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, жапонтанушы Самал Боранқұлова жапондар тазалықты балабақшадан бастап үйренетінін айтады.
– Жапондар үшін тазалық – әдет. Тазалыққа балабақшадан бастап үйретеді. Балабақшада тазалыққа баулу аяқкиімді дұрыстап қоюды үйретуден басталады. Оған қоса, Жапонияда мектептердің көбінде тазалық қызметкері деген жоқ. Барлығын балалар өзі тазалайды. Сондықтан бұл халық тазалықты бала шақтан бастап үйренеді. Бұған қоса, Жапония – халқы көп, бірақ жері тар әрі арал-мемлекет. Ал тазалыққа мән бермесе өмір сүру қиын болмақ. Жапония қоқысты сорттап, қайта өңдеуді де жақсы жолға қойған, - дейді жапонтанушы.
Ал Германия-Жапония матчын тамашалаған Данно есімді жапон Al-Jazeera телеарнасына берген сұхбатында "Басқа жұрт таңқалып жатқан бұл әрекет – біз үшін қалыпты жағдай. Жұрттың бұған неге таң қалып жатқанын түсінбеймін" деген.
Жапония құрамасы енді топтық кезеңде Коста-Рика және Испания құрамасымен ойнайды. Осы екі ойынның бірінде жеңіске жетсе, Жапония плей-офф кезеңіне шықпақ.
ПІКІРЛЕР